SCAT әуе компаниясының Ақтөбе – Алматы бағытындағы рейсінде бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, қайтыс болды. Тасымалдаушы компанияның мәліметінше, оқиға ұшақ көтеріле бергеннен кейін біраз уақыт өткен соң болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Компания мәліметінше, бортсеріктер дереу алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріскен. Ұшақта болған кардиолог та реанимациялық шараларға қатысқан. Алайда жолаушының жағдайы жылдам нашарлап кеткен.
Экипаж командирі шұғыл түрде ұшақты кері бұрып, Ақтөбе әуежайына қайту туралы шешім қабылдаған. Әуе кемесі шұғыл қонғаннан кейін әйел жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Медициналық мекемеде дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Қазір марқұмның жеке басы және жағдайының күрт нашарлау себебі анықталып жатыр.
Әуе компаниясы қаза болған жолаушының отбасына көңіл айтты.