Павлодарда «екі оқушы жеті жасар баланың тілін кеспек болды» деген ақпарат шындыққа жанаспады. Тексеріс барысында баланың жарақатты өзі алғаны анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыстық полиция департаменті көршілерден түсініктеме алып, бейнебақылау камераларын қарап шыққан. Нәтижесінде баланы ешкімнің ұрмағаны және әлімжеттік фактісі болмағаны белгілі болды.
«Тергеу кезінде баланың аулада әткеншекте ойнап жүріп, қызық көріп тілін металл бөлікке тигізгені анықталды. Қан шыққан соң қорқып, оқиғаны ойдан шығарған», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Құқық қорғаушылар балаға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анасына мектеп психологының көмегіне жүгінуге кеңес берген.
Ведомствоның мәліметінше, емделгеннен кейін баланың және анасының ісі Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады.
Ал облыстық балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова баланың жеке ісін комиссияда қарауға қарсы екенін айтып, анасы да ұлының оқиғаны ойдан шығарғанын растағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Павлодарда екі оқушы жеті жасар баланың тілін кеспек болды деген ақпарат тараған еді. Бұл хабарды баланың анасы әлеуметтік желіде жариялаған болатын.