Алматыда 52 адам, оның ішінде балалар, табиғи газдан уланып қалды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Зардап шеккендердің барлығы қаладағы ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, тексеруден өтті және алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
«Барлығы 52 адам зардап шекті, олардың ішінде балалар да бар. Медициналық тексеруден кейін 10 бала ауруханаға жатқызылды, оның екеуі жансақтау бөлімінде, қалғандары профильді бөлімдерде ем қабылдап жатыр. Өзге науқастар амбулаториялық емге үйіне жіберілді», – делінген басқарма хабарламасында.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, дәрігерлер науқастардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қазіргі уақытта уланудың себебі мен мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілуде.