Жамбылдық фельдшерлер жүрегі тоқтаған сәбиді аман алып қалды

Qaz365.kz редакциясы
Depositphotos

Жамбыл облысында жедел жәрдем фельдшерлері клиникалық өлім жағдайындағы жаңа туған шақалақты аман алып қалды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Оқиға 22:18-де Тараз қаласындағы 2-шағынауданда тіркелді. Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының №2 бригадасының фельдшерлері Мади Жаналиев пен Бейбарыс Таласбайұлы 20 жастағы жүкті әйелге шақырту алған. Науқас жүктіліктің 23–24 аптасында болған, ішінің қатты ауырсынуына шағымданған.

Бригада оқиға орнына 6 минутта жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. «Мерзімінен бұрын босану» диагнозымен әйелді шұғыл түрде ауруханаға жеткізу кезінде босану процесі жедел жәрдем көлігінде басталып, фельдшерлер сәбиді жол үстінде қабылдап алған.

Алайда 22:45-те жаңа туған нәрестеде клиникалық өлім белгілері тіркеліп, шұғыл жүрек-өкпе реанимациясы жүргізілді. Бір минуттан кейін, 22:46-да сәбидің тыныс алуы мен жүрек соғысы қайта қалпына келген.

Анасы мен нәресте облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне тапсырылды. Қазіргі уақытта екеуінің де жағдайы мамандардың тұрақты бақылауында.