Оралдағы сарбаз өлімі: анасы ұлын өлтіріп кетті деп есептейді

Qaz365.kz редакциясы

Денесінде соққы іздері болды

Суреттер Есбергеновтер отбасының архивінен

Оралдағы әскери бөлімде сарбаз қаза тапты: анасы ұлын өлтіріп кетті деп есептейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген Атырау облысы Балықшы кентінің тұрғыны Өмірбек Есбергенов 2024 жылдың сәуір айында қаза тапты. Марқұмның анасы Айна Есбергенова ұлының өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, 18 жастағы сарбаз қасақана өлтірілген, ал оқиғаның шынайы мән-жайы әдейі жасырылып отыр. Әйел өз басынан өткенін «Ақ Жайық» басылымына айтып берген.

«Ұлыммен күн ара сөйлесіп тұрдық»

Анасының айтуынша, Өмірбек әскери қызмет барысында онымен тұрақты байланыста болған, екеуі күнара сөйлесіп тұрған. Сондай-ақ ол жиі ақша жіберуді сұраған. Кейінірек ұлы ақшаны басқа адамдарға бергені белгілі болған.

- Ақшаны әртүрлі адамдарға жіберіп отырдық. Көбіне ұлымнан алты ай бұрын әскерге келген Орынбаев Нұрмұхасанға аударғанбыз. Ұлым қайтыс болғаннан кейін оның шотын тексерсек, барлық ақша соған түскен. Кейін бұл қаражаттың әрі қарай командирлер мен сержанттарға берілгені анықталды. Бірақ тергеу бұған көз жұма қарады, — дейді Айна Есбергенова.

«Жүрегі тоқтап, қайтыс болды» деген хабар келді

Анасы 2024 жылғы 7 сәуірде ұлымен соңғы рет сөйлескенін айтады.

- Ал 9 сәуірде үйіме үш офицер келіп, ұлымның қатты жүгіргеннен  жүрегі тоқтап қалғанын айтты, — деп еске алады ол.

Сол күні Айна Есбергенова Оралға барып, ұлының мәйітін өзі алып кеткен. Оның айтуынша, мәйітханада баласының денесінен күш қолдану белгілерін байқаған.

«Денесінде соққы іздері болды»

- Оны киіндіріп қойған екен. Мен қайта шешуді талап еттім де, соққы іздерін өзім суретке түсіріп алдым. Денесінде көгерген жерлер, басында ісік, әр жерінде соққы белгілері болды. Бұл доғал затпен ұрған іздер, — дейді марқұмның анасы.