«Жан тапсырғанын көрсе де, ұруын тоқтатпаған»: сотта Айзат Жұманованың соңғы сәттері айтылды

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж Qaz365.kz

Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Билібеков оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Прокурордың айтуынша, Айбар Жанболат аса ауыр қылмысты орташа дәрежедегі масаң күйде, қызғаныштан жасаған. Айзат Жұманова ауыр соққының астында жатып, жан дәрмен күйеуінен доғаруын өтінген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Прокурордың мәліметінше, Айбар Жанболат 2022 жылғы 10 қазанда 1992 жылы туған Айзат Жұмановамен заңды некеге тұрған. Ерлі-зайыпты екі жасар қыздары Аруназ Айбарқызымен бірге Жетісу облысы Ақсу ауданының Баласаз ауылында тұрған.

«2025 жылдың маусым айының басында айыпталушы жұбайының телефонмен біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен сөйлескенін сұраған. Сол сәтте жәбірленуші ашуланып, өз телефонын жерге ұрып сындырған, кейін күйеуінің де телефонын алып, оны да жерге ұрып сындырған. Осы жағдайдан кейін олардың арасында тұрақты отбасылық жанжал басталған», — деді прокурор Нұрлан Билібеков.

Айыптау тарапының дерегінше, 2025 жылғы 21 маусым күні таңғы сағат 5 шамасында Айбар Жанболат мал бағуға кеткен. Кешкі 16:30-да үйіне оралғанда, табалдырықта жұбайының біреумен сөйлесіп тұрғанын көрген. Әйелі сұрағына жауап бермей, үйге кіріп кеткеннен кейін, ол Суықсай ауылындағы дүкенге барып, 7–8 бөтелке сыра сатып алып, оларды жолда ішкен.

«Үйіне масаң күйде оралған айыпталушы жұбайының белгісіз адаммен сөйлескеніне байланысты қызғаныштан оны өлтіру жайлы қылмыстық ойға келген», — деді прокурор.

Айыптау нұсқасына сәйкес, 22 маусым күні түнгі сағат 00:00 шамасында Айбар Жанболат бұрын спортпен шұғылданғанын, физикалық тұрғыдан басым екенін пайдаланып, Айзат Жұманованы үйдің қақпасына қарай шығарып, қолымен де, аяғымен де денесінің әр бөлігіне соққы жасаған.

«Осы кезде Жұманова жылап, айқайлап соқпауын өтінген. Алайда Жанболат қылмыстық істі тоқтатпай, Жұманованың денесінің өмірлік маңызы бар, яғни бас тұсынан аяқ-қолымен көптеген соққы жасап, есінен тандырған. Ары қарай жәбірленушінің өмір белгілерін көрсетпегеніне қарамастан, адам өлтіруге деген қасақана ниетін жалғастырып, Жұманованың қарсылық көрсете алмағанына қарамай, денесіне аяқ-қолымен соққы жасаған», — деді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурордың айтуынша, Айбар Жанболат жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетпеген және жедел жәрдем шақырмаған. Қылмысты жасыру мақсатында ол Айзат Жұманованы тек бірнеше сағат өткен соң, түнгі 02:30 шамасында Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізген. Әйел жансақтау бөлімінде есін жимастан көз жұмған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Айзат Жұманованың өлімі бас миының ісінуі мен домбығуы салдарынан болған. Прокурор сондай-ақ миға қан құйылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, прокурор жәбірленушінің денесінде жылқымен немесе адам сүйрегенін дәлелдейтін белгілер анықталмағанын айтты. Қайталама сот-медициналық зерттеу нәтижесінде жүктілік белгілері де тіркелмеген.

«Жұманованың мәйітінде жылқымен не адамның өзі сүйреген белгілер анықталмағанын да айтты. Қайталама сот медициналық зерттеулердің нәтижесінде Жұмановада жүктілік белгілері анықталмады», — деді мемлекеттік айыптаушы. 

Айбар Жанболат 2025 жылғы 22 маусымда ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша айыпталып отыр. Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындамайтынын мәлімдеді.