«Аузынан, құлағынан қан ағып тұрды»: куәгерлер Айзат Жұманованың өліміне қатысты шындықты айтты

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж Qaz365.kz

Жетісу облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі арнайы ауданаралық сотта Ақсу ауданы Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 22-маусым күні көз жұмған Айзат Жұманованы күйеуі 2 жасар қызының көзінше аяусыз ұрып-соққан. Айыптау тізіміне сәйкес, 20-дан астам куәгер бар. Сот алдында куәгерлер жауап бере бастады. Руслан Өтепбай өзінің Youtube арнасында соттың толық бейнежазбасын жариялады.  

Қадірлі оқырман, Qaz365.kz редакциясы сот отырысында айтылған сөздерді ықшамдап назарларыңызға ұсынады.

«Жылап, айқайлап, ұрма деп өтінген» 

Айта кетейік, бастапқыда іс ҚР ҚК-нің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша қозғалған. Кейін тергеушілер істі ҚР ҚК-нің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қайта қарауға мәжбүр болды.  

Сот отырысында әуелі прокурор қылмыс жайлы баяндап берді. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Айбар Жанболат аса ауыр қылмысты орташа дәрежедегі масаң күйде, қызғаныштан жасаған. Айзат Жұманова ауыр соққының астында жатып, жан дәрмен күйеуінен доғаруын өтінген. Айбар Жанболат 2022 жылғы 10 қазанда 1992 жылы туған Айзат Жұмановамен заңды некеге тұрған. Ерлі-зайыпты екеуі екі жасар қызы Аруназ Айбарқызымен бірге Жетісу облысы Ақсу ауданының Баласаз ауылында тұрған.

«Айыпталушы 2025 жылдың маусым айының басында жұбайы біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен сөйлесіп жатсың деп сұраған. Сол сәтте жәбірленуші ашуланып, өз телефонын жерге ұрып сындырған, кейін күйеуінің де телефонын алып, оны да жерге ұрып сындырған. Осы жағдайдан кейін олардың арасында тұрақты отбасылық жанжал басталған», – деді прокурор Нұрлан Билібеков. 

Айыптау тарапының дерегінше, 2025 жылғы 21 маусым күні таңғы сағат 5 шамасында Айбар Жанболат мал бағуға кеткен. Кешкі 16:30-да үйіне оралғанда табалдырықта жұбайының біреумен сөйлесіп тұрғанын көрген. Әйелі сұрағына жауап бермей, үйге кіріп кеткеннен кейін, ол Суықсай ауылындағы дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алып, үйіне жеткенше ішіп барған. 

«Үйіне масаң оралған айыпталушы жұбайының белгісіз адаммен сөйлескеніне қызғанып, оны өлтіру жайлы қылмыстық ойға келген», – деді прокурор. 

Айыптау нұсқасына сәйкес, 22 маусым күні түнгі сағат 00:00 шамасында Айбар Жанболат бұрын спортпен шұғылданғанын, физикалық тұрғыдан басым екенін пайдаланып, Айзат Жұманованы үйдің қақпасына қарай шығарып, ұрып, теуіп, денесінің әр бөлігіне зақым келтірген. 

«Осы кезде Жұманова жылап, айқайлап ұрма деп өтінген. Алайда Жанболат қылмыстық істі тоқтатпай, Жұманованың денесінің аса маңызды бөлігі, яғни, бас тұсынан ұрып-теуіп, есінен тандырған. Ары қарай жәбірленушінің өлімші күйге түскеніне қарамастан, адам өлтіруге деген қасақана ниетін жалғастырып, Жұманованың қарсылық көрсете алмағанына қарамай, ұрып-тебе берген», – деді мемлекеттік айыптаушы. 

Прокурордың айтуынша, Айбар Жанболат жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетпеген және жедел жәрдем шақырмаған. Ол қылмысын жасыру үшін  Айзат Жұманованы бірнеше сағат өткен соң ғана, түнгі 02:30 шамасында Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізген. Әйел жансақтау бөлімінде ес жимай кетті. 

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Айзат Жұманованың өлімі миының ісінуі мен домбығуы салдарынан болған. Прокурор сондай-ақ миға қан құйылғанын айтты. 

Сонымен қатар, прокурор жәбірленушінің денесінде жылқыға байлаған немесе адам сүйрегенін дәлелдейтін белгілер анықталмағанын айтты. Қайталама сот-медициналық зерттеу нәтижесінде жүктілік белгілері де тіркелмеген. 

«Жұманованың мәйітінде жылқыға артқан, не адамның өзі сүйреген белгілер анықталмағанын да айтты. Қайталама сот медициналық зерттеулердің нәтижесінде Жұмановада жүктілік белгілері анықталмады», – деді мемлекеттік айыптаушы.  

Айбар Жанболат 2025 жылғы 22 маусымда ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша айыпталып отыр. Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындамайтынын мәлімдеді. 

Қайғыдан қан жұтқан ана Айзатты күйеуінің бұрын да соққыға жыққанын айтты 

Сот алдында жәбірленуші тараптан марқұмның анасы Салтанат Жұманова жауап берді. Қайғыдан құса болған ана біресе су ішіп, біресе көз жасына ерік берсе де, сөзін анықтап, қадап-қадап айтты. Ол қызының түнгі сағат үш шамасында қайтыс болғанын, алайда отбасы мүшелеріне оның қаза болғанын тек таңғы 08:45-те естірткенін айтты. Сондай-ақ, анасының айтуынша, Айзат Жұманова күйеуінің ашушаң екенін және оның басқа адамдарды да ұрғанын айтқан.

«Осы оқиға маусымның 21-і мен 22-сінде болды. Мен оған дейін, бір апта бұрын, 14-і күні сол ауылға бардым. 22 мамырда анам қайтыс болған соң, Айбардың әке-шешесі көңіл шайға шақырған еді. 14 маусымда мен, жолдасым, әпкем, тағы басқа туыстар бар, сол жаққа қонаққа бардық. Онда Айбардың әкесі, шешесі, әпкесі де болды. Кісі көп еді. Сол күні қонып, ертесі күні қайтып кеттік. Сол кезде Айбар үстел басына келмей, егін басында «сәбіз егіп жатырмын» деп сылтауратып жүрді. Бізге жақындаған жоқ», – деді марқұмның анасы. 

Салтанат Жұманова бұған дейін күйеу баласы келіп амандасып тұрғанын, дәл сол кездері ғана сылтауратып, қашқалақтағанын айтты.  

«Сол күнгі жағдайға келер болсам, 21-і күні түнде Айзаттың әкесі инсульт алып, Талдықорғандағы ауруханада жатқан. Сол сәтте әкесі сол облыстық ауруханада болған. 22-сі күні мен үйде болдым. Түнде ұйықтамадым. Қайын сіңілім екеуміз ұйықтамадық. Сағат төрт жарым болды. Мен өзімнен-өзім төрт жарымда ұйықтадым. Сол кезде таңертең ұйықтап жатсам, сағат 7-де Қайраттың құдағиы, Ербол деген кісінің анасы қоңырау шалды. «Салтанат, біз келіп тұрмыз, есік ашшы» деді. Сағат 08:45-те. Мен анамның қазасына көңіл айта келген екен деп ойладым. Есікті ашсам, бір топ кісі кірді. Ол жерде үш әпкесі болды, Ерболдың әкесі-шешесі болды. Тағы бауырлары бар. Біраз кісі болды. Есікті ашып үйге кіріп отырды. Айбардың шешесі Алма келді. Ұйықтап жатқаныма ыңғайсызданып: «Ой, құдағи, неге ертерек айтпадыңыз?» дедім. Сол кезде есікті ашты да Алма құдағи: «Қызың ұшып кетті» деді. Сол кезде қыздары ар жақта жылап тұрды. Мен: «Қайдан ұшып кетті?» дедім. Маған нақты жауап бере алмады», – деді марқұмның анасы. 

Бұл оның қайғылы жағдай жайлы алғаш естіген кезі. Салтанат Жұманованың айтуынша, Айбар Жанболат бірнеше адамға күш көрсеткен. Бұл туралы қызы Айзат анасына тірі кезінде айтып отырған. 

«Қызым: «Мама, Айбардың мінезі жаман. Айбар Вовканы соғып, атпен аяғын басқан». Айзат оны Ақсуға ауруханаға апарған. Аяғындағы бір башпайы жоқ деді. Таңғышын ауыстырып, өкілін салып Айзат үйінде емдеді. Оны өздері де біледі. Бәрі куә», – деді Салтанат Жұманова. 

Сондай-ақ, анасының сөзінше, сәуір айында Айбар тағы бір адамға ауыр соққы жасаған. Жиенімен сөйлесейін деп қоңырау шалғанда Айбардың Катя деген қызды сабағаны жайлы естіген. 

«Одан кейін сол сәуір айында Катяны соғып, өлімші қылды. Айзат телефонмен: “Мама, тұра тұршы. Мына Айбар Катяны быт-шыт қылып сабап тастады” деді», – деді ол сотта. 

Марқұмның анасы Айбардың ішімдік ішіп, түнде үйден кетіп, кейін мас күйде қайта оралып жүргенін де жеткізді. 

«Айбар ішіп алып, мас болып Айзатқа қоңырау шалады. «Қайдасың? Қайдасың?» деп. «Маған ақша жібер». Айзат: «Мама, ақша жіберші Айбарға» дейді. Мен өзімнің немнен (ред. – картамнан) ақша жіберіп тұрдым», – деді ол. 

Салтанат Жұманова Айбар Жанболат жайлы елдің шөп шегеді деп айтқанын естігенін де айта кетті. Сондай-ақ, бұл оқиғаға дейін Айбардың Айзатқа қол көтергенін көрген куәгерлер де бар. 

«Куәгерлерден жауап алынған. Айзаттың телефонын лақтырып, өзін сол жерде соққанын көрген, ажыратып алған адамдар да бар», – деді марқұмның анасы. 

Салтанат Жұманова күйеу баласының бұған дейін ішімдік ішіп жүретінін айтты. Оның сөзінше, ішетін кездері әйелін төркініне әкеліп тастап, ақша сұрап хабарласқан. Анасы «Айзат біреумен сөйлесті» деген сөздің жалған екенін айтты. 

«Ал «Айзат біреумен сөйлесті» дегенге келсем, екеуінің телефоны қосулы. Мен қоңырау шалғанда барлығы біледі. Айзат көрсетті: «Міне, мама сенің жазғаныңды да, менің жазғанымызды да оқып отырамыз» деп сол кезде айтқан. Енді келіп мынадай дүние айтып отыр. Екі апта бұрын дәретханаға түсіп кеткен телефон сол кезде болды ма? Ол адам неге екеуі бірге тұрғанда таппайды? Осындай ой туындап тұр. Бұл Айбардың өзін ақтау үшін айтқаны. 5 жыл жүріп, 3 жыл отбасы болған», – деді анасы.  

Айзат Жұманова мен Айбар Жанболат тау жақта, жоғары жақтағы үйде тұрған. Отбасының екі үйі болған. Тау жақтағы база (ред. – шаруа қожалығы) жақта байланыс болмаған соң, қоңырау шалу мүмкін емес. Белгілі бір жерге, балконға шыққанда ғана ұстаған. Анасы осыны айтып, сол қанды қылмыс болған түні Айзаттың «біреумен сөйлесті» деген әңгімеге сенбейтінін айтты. 

Сот отырысы барысында Салтанат Жұманова қызының денесіндегі жарақаттарды көрген сәтін де сипаттады. 

«Мәйітханада бет-аузының көкпеңбек екенін көрдім. Аяқ-қолының сырылғанын көрдім. Саусағы, башпайы, қолының білегіне дейін сырылған… Денесінде сау-тамтық жоқ», – деді ол. 

«Қолы байланған деп есептеймін. Білезігі домаланып, жіппен байлағандай болып тұрды», – деді ол. 

Ол сотталушының әке-шешесі кешірім сұрап келмегенін де айтты. 

Сотталушы марқұмның анасы сөйлеп болған соң, Айзаттың жүкті болған-болмағанына қатысты сұраққа жауап берді: 

«Мен де, Айзат та жүктілік жайлы нақты білмедік», – деді Айбар Жанболат. 

Айта кетейік, бұл жайлы нақты сарапшының жауабы әлі шықпады. 

Келініміз өте жақсы адам болды: Сотталушының әкесі қазадан кейін неліктен оқиға болған үйге барды? 

Марқұмның анасынан кейін сотталушының әкесі Қайрат Тоғызбаев Жанболатұлы жауап берді. Оның еңсесі түсіп, өте ауыр күйде тұрғаны көрінді. Сотты ел көретін болған соң шығар, бетіне медициналық бетперде тағып сөйледі. Жауап беріп тұрып қатты сасқалақтап, абайсызда болған жағдай екенін де айтып қалды. Кей сөзі тергеу кезінде айтқан, хаттамаға енген сөздеріне қарама-қайшы болды.

«Мен дәл сол күні Суықсай ауылында болғанмын. Әйелім екеуміз. Түнгі 11-12-ден кейін балам келіп, «Ата осындай жағдай болып қалды» деді. Келінді қолына ұстап келді. «Осылай болып қалды, абайсызда құлатып алдым» деді. Содан кейін: «Талдықорғанға апару керек» деді. Сонымен көлігімді бердім. Көлігімнің арт жағына отырғызып, Айзатты кіргізіп… Баланы алып қалдым. Әйелім Алма, ұлым, көрші бала төртеуі кетті. Көрші баланың аты-жөні – Нұрсұлтан Ноғайбеков», – деді сотталушының әкесі. 

Ол ұлының келінін әкелген кезде бетінде ешқандай жарақат болмағанын, тек қорылдаған дыбысын естігенін айтты. Прокурор ұлы келгеннен кейін қанша уақыт өткенін сұрағанда, әкесі: 

«Қанша уақыт екенін білмеймін. Ондай көп болмады. Жансүгіровпен айналып жүріңдер дедім. Қапалдың жолы нашар ғой. Жансүгіровпен түсіп, ауруханаға апарған. Ауруханада жөндеу жұмыстары болып жатқан. Сол жерде біраз аялдаған. Содан кейін Талдықорғанға апарды», – деді. 

Әкесі келіні мен ұлы арасындағы қарым-қатынасты да баяндады: 

«Үйленгеннен бастап баламызды қолымызға алдық. Алған себебіміз – бізде үш қыз, бір ұл. «Келін қолымызда болсын, өзімізге үйренсін, бөтен елдің баласы, өзімізге бауыр бассын», – деп қолымызда болды. Үш жыл. Содан немере сүйдік. Келініміз өте биязы, өте жақсы адам еді. Екеуміздің ара-қатынасымыз жақсы еді. Мені өте қатты сыйлайтын. Мен де келінімді сыйлайтынмын. Маған үш жылда бір ауыз артық сөз айтқан жоқ. Балам да өмірі қарсы келмейтін, сыйлайтын. Екеуінің арасында бөтен сөз, бір ұрыс естіп көрген жоқпын. Өйткені, балам сыйлайтын мені», – деді Тоғызбаев. 

Ол ұлының ішімдік ішкенін мүлде байқамағанын айтты: 

«Біздің есіміз ауып қалды. Жедел жәрдем шақыру, анау-мынау дегенді білмедік. Баламның өңі қашып кеткен, жылап тұр екен. Ұлымның кеудесі жалаңаш болды. Ұлымның қасында сол кезде көрші Нұрсұлтан деген бала болды. Олар менің көлігімді сұраған себебі – біздің үйге әкелген көлігінің дөңгелегі жарылып қалған екен. Сол жарылған күйі айдап әкелген екен», – деді әкесі. 

Сотталушының әкесі, бұдан бөлек, ұлының әрекетін «абайсызда болған жағдай» деп сипаттады: 

«Алып қосарым, енді, бұл абайсызда болған жағдай ғой енді. Ондай қатігез емес балам. Келіннің де ондай қылығы жоқ. Нақты өлтірді деген факт жоқ. Бұл енді екеуінің арасында болған кикілжің. Менің ойымша, сол абайсызда байқамай қалды», – деді. 

Ол жәбірленуші Салтанат Жұмановадан кешірім сұрағандарын, бірнеше рет барғандарын айтты. 

«Олар Жансүгіровке барып аурухананы іздеген. Талдықорғанға барамыз деді. Мен Жансүгіровтің жолымен жүріңдер дедім. Мен жауабымнан шатаспаймын. Мен өтірік айтпаймын, шынымды ғана айтамын», – деді әкесі сотта. 

Әкесі бұған дейінгі тергеуде ұлы «Айзат ауырып қалды» дегенін айтқан еді. Ал бұл жолғы соттағы сөзіне қарасақ, сотталушы сол күні «осылай болып қалды» деп айтты. Қарама-қайшылықты байқап, сұрақ қойған адвокаттарға ол өзінің екі қарама-қайшы жауабынан тергеудегі жауабын қолдайтынын, ұлынан ішімдік иісін сезбегенін айтты. Оқиға болған күні Саят, Данияр, Татьяна, Вовка есімді жұмысшыларынан сұрағанда, олар ештеңе көрмегенін айтқан. 

«Жұмысшыларым жеке үйде тұрады. Арасы 600 метр. Саят Абдрахмановпен бірге бір үйде тұрамыз. Татьяна Чеботерова оларға жақын жерде тұрады», – деді сотта. 

Бір қызығы, қызы Ақмарал Тоғызбаевтан келінінің қазасы жайлы естігеннен кейін Қайрат Тоғызбаев өз үйлеріне асыққан. Осы жағдайға байланысты оның құдағиы, марқұмның анасы Салтанат Жұманова үйдің мұнтаздай таза болғанын айтып сұрақ қойды. Қайрат Тоғызбаев үйдің үнемі таза тұратынын атап өтіп, ары қарай басқалардан жағдай қалай болғанын сұрағанын айтты. 

Содан кейін басты куәгерлердің бірі, сол күні оқиға орнында болған Нұрсұлтан Ноғайбеков жауап берді. Ол оқиға болған күні, Айзат соққыға жығылғаннан кейін оның күйеуіне Қайрат Тоғызбаевтың (сотталушының әкесі) үйіне көлігімен жеткізуге көмектескен.  

«Айзаттың бетін киіммен жауып отырды» 

«Мен Баласаз ауылындағы анам мен ағамның үйіне барғанмын. Түнде сағат 11-ден кете…».  

Қадірлі оқырман, Youtube арнадағы дәл осы жердің қиылып қалғанын ескертеміз. Ары қарай Ноғайбековтің Баласаз ауылынан Суықсай ауылына шыққан жағдайды айтып жатқан сөзі жалғасады.

«Сонымен барып Баласаз ауылынан Суықсай ауылына түстік. Суықсайға жетпей көліктің дөңгелегі жарылып, жарық дөңгелекпен Суықсайдағы үйге бардық. Сол жерден Айбарлардың өзінің көлігіне мінгізіп, Айзатты алып, Жансүгіров ауылына тарттық. Жансүгіров ауылына барсақ, ауруханада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Оны білмедік. Сол жақта біраз кідіріп қалдық. Жарты сағат көлемінде жүріп, Талдықорғандағы ауруханаға әкелу керек деп ұйғарып, Талдықорғанға алып келдік», – деді Ноғайбеков.  

«Жанболат Айбарды бала кезден білемін. Бір ауылдың баласымыз. Ауылда бірге өскен бала, бауырымыз, інішек, көршіміз. Енді кішкентай кезімнен білемін. Кейін өскен соң әр салаға кеткеннен кейін араласпадық. Көргенде сәлеміміз түзу. Жанболат Айбардың үйі мен біздің үйдің арасы ауылдық жер болған соң бір 200-300 метрдей болатын шығар».  

Нақты айтқаны: «Нұрсұлтан, братан, Айзат келініңіз ауырып қалды, талып қалды. Ауруханаға жеткізіп тастайықшы. Көлік болмай тұр», – деді. Айбардың үстінде киім болды. Кеудесіне де киім киіп келді. Айзатты Айбар көтеріп отырғызды. Бетін киім жауып тұрды. Бірақ Айзат қорылдап жатты. Не болғанын айтпады. Сұрамадым. Мен тезірек ауруханаға жеткізуге көмектескім келді. Көліктен шығарып, Айзатты көтеріп ауруханаға мен кіргізгенмін. Сол кезде бет-әлбетінде кішкене көгерген жерлері болды. Айбарда кішкентай ішімдіктің иісі болды, бірақ мас болған жоқ. 

Айзаттың баласын мен көлікке отырғыздым. Үйден келдім. Үйіне жүгіріп кіріп келе жатқанмын, есігінің алдынан кішкентай қызын алып шығып: «Мынаны отырғыза беріңізші», – деді. Алдым да көтеріп алып, алдыңғы орынға отырғызып, бұрылғанымда өзі Айзатты көтеріп келе жатыр екен. Артқы орынға отырғыздым да шықтық. Киетін киімімен бетін жауып қойған. Қорылдаған дауысы ғана естіліп тұрды». 

Ноғайбеков оқиға болған түні ешқандай айқай-шу естімегенін, ерте ұйықтап қалғанын айтты. 

Сонымен қатар, ол сотталушының әкесінің «үйге кіріп кеттім, көрмедім» деген сөзін жоққа шығарып, Айзатты көлікке отырған кезде сол жерде болғанын айтты. Ал Талдықорғанға жеткенше 2 сағат бойы Айбармен де, анасымен де тілдеспеген. Олардың көлікте не жайлы сөйлескенін естімегенін айтты.  

«Мен сені сүйемін!» 

Одан кейін тағы бір куәгер Татьяна Чебатерова жауап берді. Егде жастағы әйел сотталушының үйінде жұмысшы болып істеген.  

«Сотталушыны жақсы білемін. Ферманың басшысының ұлы. Бұл кісілерді 5-7 жылдан бері танимын. Шаруа қожалығына биыл 2025 жылы 25 сәуірде келдім. Жақсы адамдар. Еңбекақымды төледі. Бәрі жақсы, келіскеніміз бойынша төлеп тұрды. Мен оларда сауыншы болып істедім. 21 маусымда олар Суықсайдағы қызының үйіне кетті. Олар үйде болған жоқ. Күндіз Айзатты көрдім. Бәрі жақсы болатын. Күліп-ойнап жүрген. Ол ешқандай жағдайды айтып шағымданбаған еді. Мен шаруа қожалығында Айбардың ішкенін көрмедім. Меніңше, Айбар жақсы адам. Маған ешқашан ештеңе істемеген. Болып тұрады ғой енді. Мен оның жақсы жақтарын ғана білемін. Бізге жұмысшыларға тиіспеген», – деді Татьяна. 

Оқиға болған күні кешке бәрі ұйықтауға кетті. Сағат 1-ге таман айқайды естідім. «Айбар! Айбар! Сен не істеп жатсың?! Қойшы! Қойшы! Мен сені сүйемін! Керек емес! Қойшы!», – деген. Сосын соққының даусы естілді. Сосын ұзақ уақыт бойы қазақша ұрсысты. Мен қазақша түсінбеймін. Олар екеуара ұзақ ұрсысты. Шапалақтың даусына ұқсас дауыс шықты. Айзат пен Айбар екеуі ғана болғанын естідім. Ештеңе көрмедім. Түнде далада жарық жоқ. Шықпадым. Олар шаруа қожалығының ауласында болған шығар. Олар екі қабатты үйде аулада болған шығар. Мен төменде, гаражда жаттым. Бұл үйлердің бәрінің төбесі бірге жасалған. Мен көшеге шықпадым. Екеуінің ұрсысын ғана естідім. Айбардың Айзатқа ұрсып жатқанын естідім. Мен артық ештеңе ойламадым. Ерлі-зайыптылар ұрсысып-ұрсысып қоятын шығар деп ойладым. Олардың төбелесі 2 сағаттай болды. Менде сағат жоқ. Білмеймін. Бірақ ұзақ ұрсысты. 

Қайрат келесі күні бәрін жинады. Ол: «Ешқайда кетпеңдер, осындай жағдай болды. Бізді ары-бері алып жүреді», – деді. Катя мен Вова жарты километр жердегі үйге кетті. Үйді Катя жинайды. Ол үй қызметшісі. Сол күні үйді жуып-шайған Катя. Мен мүлде жоламадым. Тек тамақ ішуге ғана бардым. Келесі күні таңертең 8-де Катяны көрдім. Қайрат таңғы 7-де болды. Полиция келіп, ауланы қарап жүрді.  

Мен баланың жылаған даусын естімедім. Кішкентай баланың сыртқа жылап жүгіріп шыққанын көрдім. Сосын қайта жүгіріп кіргенін көрдім. Бірінші Айзат жалаңаяқ жүгіріп шықты. Соңынан айқайлап Айбар жүгіріп шықты. Сосын бала жүгіріп шықты. Айбар айқайлаған соң бала жылап үйге қайта кіріп кетті. Осыдан кейін төбелес болған шығар. Сол кезде соққының дауысы естілді.  

Айзат үйден: «Айбар, керек емес! Қойшы! Мен сені сүйемін», – деп қашып шықты.  

Тергеу амалдары кезінде Татьяна полициядан қорғауын сұраған. Сот кезінде ол полицияның өлімге қатысты іс болған соң қорғау үшін өздері алып кеткендерін айтты. Жауап берген сәтте оның аңғал екені көрініп тұрды. Сот алдында именді ме, әлденеден қорықты ма? Әйтеу, қобалжып тұрды. 

Тағы бір куәгер — Саят Абдырахманов. Ол шаруа қожалығындағы жұмысшы және сотталушының нағашы ағасы «Жұмыс істеп жатқаныма 2 жыл болды.

«Ұрыс-керіс, ештеңе естімедім. Біз тұрып жатқан үй мен олардың үйінің арасы 100 метрдей. Мен ештеңе естімедім. Мен төменгі мал қамайтын үйдемін. Ешқандай төбелес көрмедім», – деді Саят Абдырахманов.  

Саят Абдырахманов оқиғаны сотталушының анасынан естігенін айтты. Айзаттың қайтыс болғанын айтқанда есі шығып кеткенін атап өтіп, не себепті болғанын сұрамағанын айтты.  

«Аузынан, құлағынан қан ағып тұрды»

Көмеков Мұхтар Төлеуханұлы, Талдықорған облыстық ауруханасының дәрігері.  

«Түнде алып келді. Қабылдау бөлімінен медбике қоңырау шалды. Төменге түстім. «Дәлізге жатқыздық», – деді. Жалпы жағдайы өте ауыр. Қарап тексеріп көрдім. Тамырын ұстап, жүрек соғысын дұрыс сезе алмадым. Көзінің қарашығын көрдім. Көз қарашығы үлкейген екен. Потологиялық тыныс алып жатты. Жансақтау бөліміне шұғыл түрде жеткіздім. Ары қарай жансақтау бөлімінде сол жақтағы дәрігер айналысты», – деді дәрігер.  

Дәрігер оның келгенде ес-түссіз болғанын айтты.  

«Өлім аузында жатты. Бет-аузы ісінген, аяқ-қолы сырылған, жаралар бар. Жағында сықыр естідім. Жағы босаңсып жатты. Нақты білмедім. Бастапқы диагноз – ми жарақаты, миының соғылуы, ми гематомасы, алдын ала ми зақымдануы, жақ сүйегінің сынуы деген диагноздар қойылды. Бірге келгендер марқұмның қалай жарақат алғанын айтпады», – деді дәрігер. 

Тағы бір куәгер облыстық ауруханада қабылдау бөлімінде істейтін тазалықшы қызметкер Гүлшат Нұрсұлтанқызы: 

«Сол түні шамамен 02:30-да шешініп-киінетін жерімізде мен киімімді үтіктеп болып, енді шығайын деп тұрғанда бір ер жігіт кірді де: «Арба бересіздер ме? Адам алып келіп едім» деді. Мен: «Жарайды» дедім. Ол кісі көтеріп келе жатыр екен. Отырғызды. Мына жағы (ред. – оң жағын көрсетіп) ісіп тұрды, ісігенде кәдімгідей көгеріп тұрды. Құлағынан, аузынан қан ағып тұрды. Қолы-басы жаралы болды. Қырылдап жатты. Сөйлесетіндей жағдайы болмады. Кеудесі қан болды. Аузынан аққан қан ғой деймін. Үсті жапырақ, басында шөп болды. Мен басындағы шөпті тазалап тастадым. Аузынан аққан қан жерге ағып жатты. Мен қолыммен басын бұрып қойдым. Қабылдау бөліміне арбамен кіргіздім. Мен оның қандай жағдайда келгенін басында білмедім», – деді тазалықшы қызметкер. 

Айыпталушы, бір көргенімде, аузына қолын салып жатты. Тілін жұтып қояды деп қорықты ма, білмедім. «Олай болмайды», – дедім. Кейін жансақтау бөліміне көтеріп алып кетті. Ал бұл кісі (ред. Сотталушы) сол кезде қатты ашуға беріліп тұрды. Көзі қызарып тұрды. «Тез! Тез!» деп. Ары қарай не болғанын білмеймін. Дәрігерлер алып кетті. 

 Оның сөзінше, сотталушы марқұмның беті-қолын жуып үлгеретіндей уақыт болмаған. 

 «Аттың құйрығына байлап өлтірген бе?» 

Кейін марқұм Айзат Жұманованың туысы Раушан Дәуренбекова жауап берді. Ол марқұмның анасы Салтанат Жұманованың қайын сіңлісі. Бірінші болып мәйітханаға бірге кірген адам. 

Ол 22-сі күні таңғы сағат 9-да ағасының қызы Гүлзат есімді сіңлісінің хабарласып, тездетіп Марат ағаның үйіне бар дегенін айтты. Ол құдағилар мен құдалардың келді деді. Сол жерде қаралы хабарды естіген ол да «Айзат ұшып кетті» деген сөзді естіген. Ол жанұшыра Талдықорғанға барғандарын, мәйітін шулап жүріп, рұқсат бермегеніне қарамай көргендерін айтты. 

«Анасы екеуіміз қалдық. Айзатты алып шықты. Бетін ашты. Беті түгел қап-қара болып кеткен. Түрі қорқынышты, ісіп кеткен. Анасының жүрегі қысылып, ары қарай көре алмады. Мен қоймай денесін ашқыздым. Қолыммен басын ұстағанымда басы былқ-сылқ етіп тұрды. Ары қарай ұстауға болмайтынын айтты. Сосын тез-тез ашып көрдік. Үстінің сырылған-жырылған жерлерін көрдік. Содан қолының терісі жоқ екенін көрдім. Оң қолы ашық жатты. Саусағы түгел көгерген. Екі тізесі жырылған, саусағының терісі сырылғанын көрдім. Айзатты айналдырғанда сан етінің, жұқа терісінің жоқ екенін көрдім. Далаға шыққанда анасына жедел жәрдем шақырдық».  

Ол БАҚ беттерінде тарап кеткен «аттың құйрығына байлап сүйреген» деген сөздің қалай шыққанын түсіндірді. 

«Мен сол кезде құдағиға: «Мына қызды аттың құйрығына байлап өлтіргенсіңдер ме?»  дегенмін. Біздің қазақта ең қиын жаза – аттың құйрығына байлап жіберу. Сол кезде сол үшін солай айттым. Содан шыққаннан кейін Алма «Ештеңе білмеймін, үйде болған жоқпын» деді. Менің Айзатты көргендегі ойым сондай болды. Анандай зорлық-зомбылықты атқа байлап сүйремесе, адамның олай сүйреуі мүмкін емес», – деді Раушан Жұманова. 

 Судья келесі сот отырысында 10-нан астам куәгер жауап береді деді. Qaz365.kz сайты істі бақылап, алдағы уақытта тікелей ақпарат таратып отырады.