«Қабырғасы сынып, тістері түсіп қалған»: сотта сарапшы мен Айзат Жұманованың күйеуі жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Соттың жарыссөзі 8 қаңтар күні өтеді

Коллаж: Qaz365.kz

Ақсу ауданы Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысында жаңа мән-жайлар белгілі болды. Бұл жолғы сот отырысында Айзат Жұманованың күйеуі Айбар Жанболатов жауап берді. Ауруханаға келген сәттегі бейнежазба көрсетілді. Сондай-ақ сарапшы Тахир Халимназаров бірінші сараптамада анықталмаған жағдайды айтты.

Қадірлі оқырман, Qaz365.kz редакциясы сот отырысында айтылған сөздерді ықшамдап назарларыңызға ұсынады.

«Оқыс жағдай болды»

Сотталушы Айбар Жанболат алдыңғы сотта жауап беруге дайын емес екенін айтқан болатын. Бұл жолғы сотта ұзақ сөйледі. Сөзінің басында кешірім сұрап, оқыс жағдай екенін айтып, жарын жақсы көргенін айтты. Оның сөзінше, ол Айзатты қасақана өлтірмеген.

«Марқұм жарымның ата-анасынан, әпке-сіңлісінен, туған-туысқандарынан және өз ата-анамнан қайғырып кешірім сұраймын. Болған іске қатты өкінемін. Бұл оқыс жағдай түсінбестіктен және өзімнің сабырсыздығымнан орын алып отыр. Мен марқұм жарымды жақсы көрдім, жақсы көрем де. Менің оны қасақана өлтіретін ойым да, ниетім де болған жоқ. Жарымнан айырылып, баламның жетім қалғаны маған да оңай болып тұрған жоқ», – деді Айбар Жанболат.

Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған «Адам өміріне қасақана зиян келтіру» деген айыппен келіспейтінін айтты.

Сосын адвокат оқиға болған түн жайлы айтып беруін сұрады. Ол бұған дейінгі прокурордың айтқанындай телефондарын Айзаттың сындырғанын, біраз уақыт араз болғандарын айтты.

«Негізі бұл жағдай бұдан 15-20 күн бұрын түсінбестіктен орын алған. Мамыр айының аяғына таман ба екен… Өзі біздің ауылда барлық жерде ұялы байланыс жоқ. Бір-екі жерде ғана бар. Ас үйде терезенің алдында, болмаса сырт жақта табалдырықтың жанында ұстайды. Сол ас ішіп отырған кезде терезенің алдында телефонын сұрадым. Біреу қоңырау шалса да, хат келсе де, сол телефонды сол жерден көреміз. Сөйтіп, бір-екі рет ас ішіп отырғанда марқұм жарыма хат келді. Ішкен асын тастап, сыртқа шығып, сол телефонмен сөйлесіп жүрген», – деді сотталушы.

Кейін телефонға байланысты қалай ұрсысқандарын айтып берді.

«Бірақ басында күдік болмады. Бір күні көңіл-күйім болмай далада жүрген кезде қарасам, сол сыртта табалдырықтың жанында сөйлесіп тұр екен. «Берші телефоныңды көрейін. Кіммен сөйлесесің осы? Кім саған жазады?» деп телефонын көргім келді. Марқұм жарым: «Маған сенбейсің бе?» деді. «Сенбеймін, көрейін» дедім. «Сенбесең онда…» деп сол табалдырықта өзінің телефонын сындырып тастады. «Саған да сенбеймін, сенікін көрейін» деді. Мен телефонымды беріп едім, менікін де сындырып тастады», – деді Айбар Жанболат.

Содан екеуі біраз уақыт телефонсыз жүрген. Кейін оның жұмысшы Катяның телефонымен басқа біреумен сөйлесіп тұрғанын көргенін айтты. Ол жалпы өз жауабында сол кездегі жанжал кезінде 4-5 рет шапалақпен ұрғанын мойындады. Кейін ашуланып Суықсайға кетіп қалған. Келгеннен кейін қайта ұрғанын да мойындады.

«Он күн өткеннен кейін бе екен… Марқұм жарым жұмысшы Катяның телефонына өзінің SIM-картасын салып, сонымен байланыста болды. Содан байланыста жүрді. Осы 21-і күні таңғы сағат 5-те мен тауға кеткенмін. Жылқыларды айдап келуге. Содан сағат 4-5-ке таман, 4 жарым бе екен мөлшері… 5-ке таман бе екен… Үйге келдім. Үйге келсем, марқұм жарым төменгі үйде телефонмен сөйлесіп тұр екен. Сонымен ашуланып, кіммен сөйлескенін сұрап едім, жауап бермей, үйге кіріп кетті», – деді Айбар Жанболат.

 Ол атты байлап, қолы-басын жуып, үстел басына отырғанын, Айзаттың оған ашуланып тамақ дайындап жүргенін көргенін айтты.

«Тамақты құйып алдыма берді. Тамақты тарс еткізіп қойғанда, кішкене тамағы төгілді. Кеселерді жылжытып еді, кесе сынды. Маған ашуланған еді. Мен де шаршап келгенмін, ашуын көтере алмадым. Алдыма қойған тамағын төгіп тастадым. Сол жерде екеуміз бір-бірімізді түсінбей, содан екі-үш рет шапалақпен бет тұсынан ұрғаным бар. Содан ашуланып сыртқа шықтым да, біраз отырып мотоциклмен Суықсай ауылына кеттім», – деді Айбар Жанболат.

«Айзат та мені ұрды»

Ол Суықсай ауылынан шамамен 10-15 шөлмек сыра алғанын, жолда біразын ішкенін, келген соң жұбайымен татуласпақ болғанын айтты. Оның сөзінше, жұбайы да ішкен, ары қарай екеуінің арасында жанжал болған.

«Содан үйге келдім. Татуласпақ ойым болған. Ол кезде қараңғы батып кеткен. Сағат тоғыз бе екен… Сағат 10 болып қалған шамасы. Үйге келсем, екінші қабатқа көтерілсем, кішкентай балам ұйықтап жатыр екен. Содан әйелімді бірінші қабатқа түсірдім. Татуласпақ ойым болған. Екеуміз бірінші қабатқа түсіп, сырадан іштік кішкене. Марқұм көп ішкен жоқ. Содан теледидар көріп отырған. Бір кезде қайда кеткенін білмеймін, қасымда жоқ. Дәретханаға кеткен шығар деп біраз тостым. Бір уақытта қызым жылағаннан кейін екінші қабатқа көтерілсем, әйелім үйде жоқ екен», – деді сотталушы.

Кейін әйелін табалдырық жақтағы жататын орыннан көргенін айтты.

«Дәретхананы көріп едім, дәретханада жоқ екен. Сосын қызымды көтеріп алып келіп, теледидар тұрған бөлмеге жатқыздым. Әйелімді іздеп ас үйге бардым. Онда жоқ екен. Ас үйден келе жатқанда көрдім. Табалдырықтың сол жақ шетінде жерде жантайып жатыр екен. «Не істеп жатсың? Тұрмайсың ба?» деп едім: «басым ауырып тұр» деді. Содан «Жерде жатқаны несі? Тұр» дедім. Біраз сол жерде қасында отырдым. «Бала жыламады ме екен?» деп үйге кірдім. Содан қайта шықтым», – деді Айбар Жанболат.

Ол осы сәтте әйелінің далада, қашаның сыртында тұрғанын көрген. Айбар бала жылаған соң күштеп, әйелін үйге кіргізбек болғанын, сол жерде шапалақпен ұрғанын мойындады.

«Қайта шықсам, әйелім қашаның сыртында тұр екен. Қашаның жанында. «Үйге кір, үйге жүр» деп едім, үйге кірмей қарсыласып, сөз қайтарып тұрып алды.  Жерге отырып алғаннан кейін екі қолынан ұстап, көтеріп тұрғызбақ болдым. Әйелім қарсыласып, сол жерде де шапалақпен бет тұсынан ұрғаным бар. Содан екі қолтығынан демедім. «Бала жылайды, үйге кірейік» деп. Үйге қарай жетелеп едім, аяғымен сүйретіліп, кірмей қойды», – деді.

Айта кетейік, Айбар аяқпен тепкенін болмаса қатты доғал затпен ұрғанын мойындамады. Тек «осы кезде үйге көтеріп келе жатқанда құлатып алдым» деп айтты. Оның сөзінше, Айзатты екі рет «құлатып алған».

«Бала жылап тұрғаннан кейін үйге кіргізу керек болды. Содан үйге келіп, екі қолтығынан көтеріп келе жатып, баспалдақта құладық. Өзім ішіп алғанмын. Баспалдақта құлатып алдым. Өзім де құладым. Содан көтеріп үйге кіріп келе жатқан кезде, сыртқы темір есік болған, соны бір қолмен ашып, тағы құлатып алдым. Содан кейін үйге кірдім. Әйелім жуынатын бөлмеге кіріп кеткен. Мен теледидар тұрған бөлмеге кіріп баланы қарап едім, ұйықтап жатыр екен. Ары қарай сырамды ішіп, теледидарымды көріп отыра бердім», – деді сотталушы.

Ол ары қарай Айзаттың өз бетінше жүргенін, басының ауырып тұрғанын айтқанын, өңінің бозарып кеткенін сипаттап берді. Ары қарай көрші Нұрсұлтан Ноғайбековті шақырғанын, көлікке әйелін демеп отырғызғанын айтты.

Ескере кететін жайт – Нұрсұлтан бұған дейінгі жауабында Айбар Жанболаттың Айзатты көтеріп шыққанын айтқан еді.

«Ол «басым, басым» деп жантайып креслоға жатты. Қарап едім. Жағдайы өте ауыр екенін көрдім. Оны ауруханаға апармақ болғанда, үйде ата-анам болмаған. Көрші Нұрсұлтанға барып алып келдім. Нұрсұлтанға: «Әйелім ауырып қалды. Тезірек ауруханаға апаруым керек» деп айттым. Содан үйге жүгіріп, Нұрсұлтанға бірінші баланы бердім де, өзім әйелімді алып шықтым», – деді Айбар Жанболат.

Олар Суықсай ауылына шамамен 20 минуттай уақытта келген. Айбар Жанболат әке-шешесіне: «Айзат ауырып қалды. Қалаға ауруханаға апаруым керек. Кілтті беріңіз» деп айтқан.  

«Марқұм жарымды алып Жансүгіровке (ред. Бұл ауыл кезінде аудан орталығы болған) алып бардым бірінші. Жансүгіровке барсақ, ауруханасы жабық тұр екен. Ол жерде бір 15-20 минуттай уақыт жоғалтып алдым. Аурухана істемейді екен. Талдықорғанға қарай бет алып, сонда алып келдім. Ауруханаға кіргізіп, барынша қолымнан келгенді жасадым. Ар жаққа керек болды ма? Аманатымнан айырылып қалдым. Жазадан қашпаймын. Қолыммен істегенді мойныммен көтеремін», – деп сотталушы өз сөзін аяқтады.

Айбар Жанболат марқұм жарының өзін ұрмақ болғанын айтты. Оның сөзінше, Татьянаның естігені сол шапалақтың дауысы екен. Ол Айзатты тепкенін, ауыр соққы жасағанын жоққа шығарды. Ол «Айзатты екі мәрте 2-3 рет шапалақпен ұрғанын» ашық мойындады. Бірақ Айзатты құлатып алғанын айтып, басының жарылғаны сол есік жақта жығылғаннан болғанын айтты.

Айбар Жанболат марқұмға сымын және сырт киімін кигізгенін айтты

Бұған дейін Нұрсұлтан Ноғайбеков оның Айзаттың бетін жауып отырғанын айтқан болатын. Ол бұл сөзді жоққа шығарып, «Айзаттың күләпара киіп отырғанын» айтты.

Барлық куәгерлер марқұмды Талдықорғанға әкеле жатқанда «қорылдап» немесе «қырылдап» жатты деген болатын. Айбар Жанболат бұл сөздің рас екенін айтты. Ол жол бойы көліктегі анасымен де, рөлде отырған Нұрсұлтанмен де сөйлеспегенін айтты. Прокурор одан: «Жұманованың қолын жіппен болмаса өзге затпен байладыңыз ба?» деп сұрады. Айбар Жанболат байламағанын айтты. Ал «атпен сүйреді» деген сөздің жалған екенін айтып, жоққа шығарды. Сонымен қатар ол Татьянаның «Алдымен Айзат жүгіріп шықты. Соңынан Айбар, оның артынан кішкентай қызы жүгіріп шықты. Айбар оған: «Үйге кір!» деп айқайлады» деген сөзін жоққа шығарды. Оның сөзінше, ол кезде кішкентай қыздары ұйықтап жатқан.

Осыдан кейін жәбірленуші Салтанат Жұманова сотталушыға сұрақ қойды.

Салтанат Жұманова:

     – Айзатты сен даладан үйге сүйреп кіргіздің бе? Неге сүйреп кіргіздің? – деді марқұмның анасы.

    – Мас болатын, – деп жауап берді Айбар Жанболат.

    – Мас емес. Айзаттың кеуде тұсын немен ұрдың? – деп сұрады анасы.

   – Қолмен ұрдым, – деп жауап берді Айбар Жанболат.

Ескертеміз: бұған дейін  Айбар Жанболат марқұм Айзатты тек шапалақпен екі рет ұрғанын, жығып алғанын ғана мойындаған болатын. Марқұмның анасының сұрақтарына жауап беріп тұрып, ол марқұмның кеуде тұсынан ұрғанын мойындап қойды.

Салтанат Жұманова:

“Сен жаңа екі шапалақ, Суықсайға кеткенге дейін, сосын келгеннен кейін ұрдым дедің ғой. Кеудесін қолмен ұрдың ба әлде аяқпен ұрдың ба?» – деп сұрады.

Айбар Жанболат басын көтерместен:

«Екі қолмен», – деп жауап қатты.

Одан кейін анасы екі білегіндегі, екі тізесіндегі жара неден екенін сұрап еді, Айбар Жанболат: «білмеймін» деп қана жауап қайтарды.

Анасы: «Айзаттың жағдайы жақсы болып, расымен жуынатын бөлмеге кіріп жуынған болса, оның киімін неге ауыстырдың?» деп сұрады. Айбар Жанболат: «Көмектестім» деп жауап қайтарды.

Айбар Жанболат оның киімін ауыстырғанын мойындап тұр. 

Марқұмның анасы:

– Арқасындағы қабырғаны немен ұрып сындырдың?

Айбар Жанболат:

– Білмедім. Мен арқа тұсынан ұрған жоқпын.

Марқұмның анасы қызының жараларын айтып, әрбірін қалай, немен ұрғаны жайлы сұрады. Сотталушы басын салбыратып, көтерместен жауап берді. Сырылған, жырылған терісі жайлы атап өтіп, қандай затпен ұрғанын сұрағанда, «қолмен ұрғанын» айтып жауап берді.

Айбар Жанболат ауруханада өзіне қол салмақ болды

Оның «білмеймін» деген жауабына марқұмның анасы ыза болып, қабырғасының сынғаны, жақ сүйегінің сынғаны, басының жарылғаны, екі қолы, білегі мен тізесіндегі жаралары жайлы тағы бір тізіп айтып өтті.

«Жұдырығыммен бір рет ұрдым төсінен. Кеудесінен ұрғанда асфальтқа жығылды. Отырып барып, содан кейін шалқасынан құлады. Суықсайға түспей тұрып шапалақпен бетінен үш рет ұрдым. Суықсайдан келгеннен кейін үйге кірмей тұрып, 40 минуттай сыртта тұрдым. Нақты қанша рет ұрғанымды білмеймін. Өзім төрт рет ұрған болармын деп ойлаймын. Бет тұсынан шапалақпен. Барлық келтірген жарақатым осы», – деді Айбар Жанболат.

Адвокаттың қойған сұрақтарына да нақты жауап бере алмады. Дегенмен сотталушының өзіне қатысты: «Сіз облыстық ауруханада өзіңізге қол жұмсадыңыз ба?» деген сұраққа Айбар Жанболат «болды» деп жауап қайтарды.

«Мен жарымды қатты жақсы көрдім. Қазасы жайлы естігеннен кейін қалай істегенім есімде жоқ…», – деп жауап берді сотталушы  өзіне қол салу әрекеті жайлы.

Жәбірленуші тарап сараптамаға сүйеніп, Айзаттың 4-5 тісі болмағанын айтты. Сотта марқұмды ауруханаға әкелген сәт көрсетілді. Айта кетейік, осы сәтте сотталушы оның аузындағы тістерін алып жатуы мүмкін. Бейнежазбада Айбар Жанболаттың марқұмның бетін сүртіп жатқаны анық көрінеді. Бейнежазбада теріс қарап тұрған соң оның аузына саусағын тығып жатқаны көрінбеді. Бұған дейін аурухананың тазалықшы қызметкері оның саусағын аузына тығып жатқанын көргенін айтқан.

Айзаттың құрбылары бұрын Айбардың оны соққанын айтқан орындықпен, басқа затпен. Бүгінгі сотта Айбар бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Сіз ауруханада саусақтарыңызды аузына салып, бірдеңе істеп жаттыңыз. Нақты не істеп жаттыңыз?» – деп сұрады судья.

«Нақты білмеймін. Аузын сүртіп жатқан шығармын. Есімде жоқ», — деп жауап берді Айбар Жанболат.

Артынша судья: «Айзаттың аузы-мұрнынан қан ақты ма?» – деп сұрады.

«Аузынан сілекей ағып жатқан. Соны сүрттім», — деп жауап берді сотталушы.

Айбар Жанболат басында не істеп жатқанын «айта алмаймын» деді, артынан «тілін жұтып қоймасын деп тілін көріп жатқанмын» деп айтты.

Соттың соңында Айбар Жанболат марқұмның бұған дейін «тісін жұлдырғанын» айтты.

Сарапшы не айтты?

Сотталушының ауруханаға келген кездегі бейнежазбасы көрсетілгеннен кейін сарапшы Тахир Халимназаров келіп сот алдында жауап берді. Ол қайта жасаған сараптамада Айзаттың бір қабырғасының сынғанын анықтаған.

«Біз бұл сараптаманы эксгумация, яғни қайтадан қазып алған мәйітке жасадық. Сол мәйітті бізге, Алматы сот-медициналық орталығына, әкеліп, сол жерден сот медицина сарапшысы, сосын медкриминалист, тағы басқа мамандар қатысып, төрт адам сараптама жүргіздік. Бірінші бұған дейін анықталған жарақаттарды тексеріп шықтық, оған қосымша жарақат табылды. Соның бәрін зерттедік», – деді Тахир Халимназаров.

Оның сөзінше, жарақаттың көбісін тірі кезінде алған.

«Аяғында, қолында сырылған іздер бар. Ол енді өлгеннен кейін түскен жарақаттар деп есептедік. Өйткені тірі кезінде алатын жарақаттың көрсетпелері жоқ. Ешқандай қанталау және басқа өзгерістер жоқ», – деді Халимназаров.

Сарапшының сөзінше, Жұманованың өлімінің тікелей себебі – бас-ми жарақаты. Бірнеше рет сараптама жасағанда анализ солай көрсеткен.

«Оның бәрі дәлелденген. Мәйітті қазып алғаннан кейін ол енді табиғи шіріп кетеді ғой.  Бірақ сол бірінші сараптаманы зерттеп, тексеріп шыққаннан кейін сонымен келістік. Өлімнің себебі – бас миының ауыр жарақаты», – деді Тахир Халимназаров.

Сарапшы шүйдедегі жарақаттың құлағаннан да, соққыдан да болуы мүмкін екенін айтты.

«Басқа, бетке түскен бірнеше жарақаттың, сосын шүйде жағы сынған ғой, сол сынып бас сүйегінің асты жағына жарақат өтіп кеткен. Бұл соққылардың бәрі қатты доғал заттың соққысынан болған. Жарақат алған жерден үлкен затпен ұрған. Шектелген беті бар, жалпақ зат. Мұндай затқа өте көп зат келеді. Жұдырық та болуы мүмкін, аяқ та болуы мүмкін. Доғал беті кең заттың әсерінен», — деді Тахир Халимназаров.

Марқұмның жүктілігі бірінші сараптамада анықталмаған. Екінші сараптамада да анықтау мүмкін болмаған. Сарапшы жатырда ондай белгілер болмағанын айтты. «Атпен сүйреді» деген нұсқаны да жоққа шығарды. Ол мәйітті қазып алғаннан кейін қабырғасының сынғанын байқағандарын айтты.

«Бірінші қабырға өте жоғары тұрады. Ол өте сирек сынады. Сондықтан оны бірінші сараптама жасаған адамдар баймауы мүмкін. Бізге мәйіт сәл бұзылғанда, қабырғадан еті ажырай бастағанда келді. Сондықтан оңай таптық», — деді Тахир Халимназаров.

Прокурор: «Сотталушы Айбар шапалақпен бір-екі рет ұрдым деп отыр. Сол шапалақпен ұрғаннан осындай жарақаттар болуы мүмкін? Сол шапалақ доғал затқа жата ма?» деп сұрады.

«Біреудің шапалағымен қатты жарақат алуы мүмкін. Әркімнің күшіне қарай. Доғал затқа ол да жатады. Менің ойымша, ол жарақаттардың бәрі шапалақпен ұрғаннан болмады. Көздің  көгергені жұдырықпен болмаса басқа доғал затпен ұрғаннан болған. Бір-екі рет ұрды дейтіндей екі жарақат емес. 10-15 жарақат болса, бір тигеннен болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде бір-екі рет ұрғаннан деп айта алмаймыз», — деді сарапшы.

Айта кетейік, іске қатысты жасырын тергеу амалдары жүргізілген. Сотталушы мен куәгерлерден алынған жауапқа сүйенсек, Айбар Жанболат Айзат Жұмановаға дене жарақаттарын келтіргенін өзі растап отыр. Судья екі көлікте де қан іздері табылғанын, оның Айзат Жұмановаға тиесілі екенін айтты. Жұмысшы Катяның телефоны айғақ ретінде алынған. Бірақ оның ішінде іске қатысты ешқандай ақпарат табылмаған. Судья сотталушының ешқандай психикалық ауруы жоқ екенін айта кетті. Сотталушы тек қолымен ғана жарақат келтіріп, соққы жасағанын мойындады. Ал сырылған жарақаттардың қайдан пайда болғанын білмейтінін айтты. Марқұмды сүйрегенін жоққа шығарды.

Судья соттың жарыссөзі 8 қаңтар күні өтетінін айтты.

Qaz365.kz редакциясы істі бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.