Бүгін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің абызы, аңызға айналған актер Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қаралы жиынға марқұмның туған-туыстары мен жақындары, әріптестері, сондай-ақ оның шығармашылығын қадірлеген мыңдаған азамат жиналып, қазақ өнерінің алып тұлғасымен соңғы рет қоштасты.
Рәсімге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр мен кино өнеріне арнап, ұлттық мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол сахна мен экранда сан алуан жарқын бейнелерді шебер сомдап, көрерменнің шынайы ықыласы мен зор құрметіне бөленді. Сахна өнерінің хас шебері, кәсіби кинематограф ретінде ол өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету арқылы рухани сабақтастықтың сақталуына елеулі еңбек сіңірді. Биік өнерге адал болып, мәнді де мағыналы ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да марқұмның дүниеден өтуін ел үшін орны толмас қаза деп атап өтті. Оның айтуынша, Асанәлі Әшімов тірі кезінде қоғамдық өмірге белсенді араласып, қаланың мәдени іс-шараларына үнемі атсалысқан.
«Асанәлі Әшімов театр мен кино өнерінің ұлы тұлғасы ғана емес, ұлттық рух пен руханияттың көрнекті өкілі болды. Ол саналы ғұмырын қазақ мәдениетін дамытуға арнап, өнер арқылы халықтың өзіндік санасын, болмысын және тарихын асқақтатты. Талай дарынды шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерде өзіндік мектеп қалыптастырды. Оның шығармашылық мұрасы бүгінгі және келер ұрпақ үшін мәңгілік адамгершілік әрі мәдени бағдар болып қала береді», – деді қала әкімі.
Айта кетейік, кино және театр өнерінің көрнекті өкілі, қазақ сахнасының символдарының бірі Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның есімі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталады.
Еске салайық, Асанәлі Әшімов қазақ театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, бірнеше буын көрерменнің жүрегінен орын алған тұлға болды.