Құқық қорғаушы Ринат Рафхат қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Facebook / Ринат Рафхат

Бүгін, 2025 жылғы 23 желтоқсан күні, белгілі құқық қорғаушы және азаматтық белсенді Ринат Рафхаттың өмірден өткендігі белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
 
Әлеуметтік желіде Ринат Рафхаттың қайтыс болғаны жайлы ақпарат тараған болатын.
 Qaz365.kz тілшілері марқұм 8 жыл бойы бірге жұмыс істеген «Халықаралық құқықтық Бастама» ұйымының басшысы Айна Шорманбаеваға хабарласты. Ұйымның президенті марқұмның қазасы жайлы ақпаратты растады. 

Ринат Рафхат — Қазақстандағы адам құқығы, әділ сот, заң әділеттілігі мәселелерін ашық насихаттаған қоғамдық белсенді болған. Ол Қазақстандағы ең атышулы сот істеріне қатысып, үнемі пікір білдіріп отырды. Қоғамдағы көп жағдайды сынап, бүкпесіз елге жеткізуға тырысты. 8 жыл бойы Айна Шорманбаева бастаған «Халықаралық құқықтық Бастама» ұйымында істеді. Қытайдан келген, туыстары концлагерлерде қалған азаматтардың мәселесін көтерді. Думан Мұхамедкәрімнің, Айгерім Тілеужанның және Қаңтар оқиғасына байланысты сот отырыстары жайлы өз пікірін ашық жазып отырды. Тілшілермен бірге сол сот отырыстарына келе жатқанда оны полиция тоқтатқан кездері болған.

Бір жыл бұрын бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген 16 жастағы Шерзат Полаттың ісін де тікелей бақылап, заңсыздықтарды қалт жібермей жариялап отырды.

Ол 2025 жылдың қаңтар айында Атырауға туған  ауылына қайтқан болатын.