Ақтау қаласында жасөспірімдер тобы мектеп оқушысын зорлап, оған жүйелі түрде буллинг жасап келген. «НемолчиKZ» қоры бұл сұмдық оқиғаның мән-жайын жариялап, құзырлы органдардан көмек сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қордың мәліметінше, жасөспірімдер қыз баланы тек зорлап қана қоймай, оған тұрақты түрде моральдық және физикалық қысым көрсеткен. Қылмыскерлер жәбірленушіні ұрып-соғып, намысына тиіп, қорлаған. Тіпті қатыгездіктің шегінен шығып, кеңсе пышағымен қыздың қолына балағат сөздер жазып қалдырған.
Жәбірленушінің анасы полицияға осы жылдың қыркүйек айында арызданған. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, тергеу жұмыстары нәтижесіз қалып отыр.
«Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, қордың хабарлауынша, күдіктілердің ешқайсысы әлі күнге дейін тергеуге алынбаған және бостандықта жүрген көрінеді.
Бұл ауыр соққыдан кейін 16 жасар қыз бала терең депрессияға ұшыраған. Қазіргі таңда ол мектепке барудан бас тартып, психологиялық көмек алып, арнайы дәрі-дәрмектер қабылдауға мәжбүр.
«Немолчи» қоры бұл істің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етіп, келесі органдарды араласуға шақырды:
ҚР Бас прокуратурасы;
Маңғыстау облыстық полиция департаменті мен прокуратурасы;
Бала құқықтарын қорғау комитеті.
Сонымен қатар, қор өкілдері Ақтау қаласында жәбірленушінің құқығын қорғайтын білікті адвокаттың көмегі қажет екенін жеткізді.