Шымбұлақтағы мейрамханадағы тіл дауынан кейін екі адамға айыппұл салынды

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж Qaz365.kz

Алматыдағы Шымбұлақта болған оқиғаға байланысты полиция ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасы мәліметінше, тексеру нәтижесінде жанжалдың тараптардың эмоцияға берілуінен туындағаны анықталған. Қатысушылар кейбір сөздер мен әрекеттер сол сәттегі көңіл күйдің ықпалымен жасалғанын, олардың нақты көзқарасын білдірмейтінін айтқан.

Полиция мәлімдемесінде оқиға кезінде тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны тіркелгені көрсетілген. Кейін олар өзара кешірім сұрап, татуласқанын, болған жағдайға өкініш білдіретінін жеткізген. Сондай-ақ азаматтарды бір-біріне құрметпен қарап, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге үндеген.

Аталған факті бойынша екі адамға да ұсақ бұзақылық дерегімен әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 78 640 теңге айыппұл салынды.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Шымбұлақтағы мейрамханалардың бірінде қазақ тіліне қатысты дау шыққаны жөнінде ақпарат тараған еді.