Lufthansa ұшағында жолаушы қайтыс болды: әуе кемесі Алматыға мәжбүрлі түрде қонды

Qaz365.kz редакциясы
newsroom.lufthansagroup.com

26 желтоқсанда Мюнхен – Пекин бағытында ұшқан Lufthansa әуекомпаниясының LH 0722 рейсінде жолаушы жол үстінде көз жұмды. Осы жағдайға байланысты ұшақ Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл ақпаратты Қазақстанның авиация әкімшілігі растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, жолаушының жағдайы күрт нашарлап, есінен тануына байланысты экипаж жедел қону туралы шешім қабылдаған. Әуе кемесін әуежайдың медицина қызметкерлері мен қалалық жедел жәрдем бригадасы қарсы алған.

«Дәрігерлер келген сәтте жолаушының ұшу кезінде қайтыс болғаны анықталды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Барлық қажетті рәсім аяқталған соң ұшақ Алматыда жанармай құйып, жергілікті уақытпен 7:56-да Пекинге қарай қайта ұшып кеткен.