«Жағдайымыз ауыр»: Пәкістаннан Ауғанстанға «жер аударылған» қазақтар көмекке мұқтаж

Қарғалдақ

Атажұртын аңсаған шеттегі қандастар

Фото: Пәкістан қазақтары Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Ержан Сансызбайұлы Қыстафинмен бірге / Facebook / Хамид Уллах Жорабай

Пәкістан қазақтарының елге келе алмай жүргеніне 18 жылдың жүзі болды. Соғысты, жоқшылықты, өлім-жітімді бастан өткеріп босып жүрген қазақтардың тағдыры соңғы жылдары тіпті қиындап кетті. 2025 жылдың көктеміндегі Пәкістан мен Үндістан арасындағы қарулы қақтығыстан кейін жағдай ушыққан. 

Qaz365.kz редакциясы от пен судың арасында, жоқшылық пен азапты шеккен Ауғанстанға көшіп келген қазақтардың қазіргі жағдайын білу үшін олармен сұхбаттасты.

Фото: Пәкістан қазақтары Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Ержан Сансызбайұлы Қыстафинмен бірге / Facebook / Хамид Уллах Жорабай  

Әуелі шетелге босып, көшуге мәжбүр болған қазақтардың тарихы жайлы қысқаша айта кетсек. 1860-жылдары патша үкіметінің жүргізген әкімшілік реформаларынан кейін қазақ халқының жерінің бәрін биліктікі деп жариялады. Қазақтың ең шұрайлы, ең құнарлы жерін үкіметтің шаруаларына, казактарға, патша әскеріне берген. Әділетсіздік көрген қазақтардың біразы шетелге қоныс аударуға мәжбүр болған. Кейбірі сондағы қылышын сүйреткен жүйеге бағынбай, өз бетінше көшіп кеткен. Солардың бір бөлігі қазіргі Ауғанстан жеріне табан тіреген. 1979 жылы Кеңес одағының әскері Ауғанстанға басып кіріп, соғыс болып, бейбіт тұрғындар оққа ұшты. Солардың ішінде қазақтар да бар.  Жан сақтау үшін сол қазақтардың бір бөлігі Пәкістанға көшіп кетеді. Сол қазақтарды жақында болған геосаяси жағдайға байланысты Пәкістан билігі Ауғанстанға депортациямен мәжбүрлеп көшіріп жіберді.

Фото: Пәкістан қазақтары / Facebook / Хамид Уллах Жорабай  

Тілшімізбен тілдескен Хамид Уллах Жорабай — 5 баланың әкесі, 76 жастағы қарт анасы бар. Елшіліктен елшілікке сабылған Хамид Уллах Жорабай мен 40 шақты отбасының аңсағаны — Атамекен. Олар туған жердің қай өңіріне де баруға әзір. Ауғанстанға келген Пәкістан билігі діни догма қойып, қыз-келіншектерге никаб кигізіп, мектепте білім алуына тыйым салады. Ол ұрпағының туған жерге оралып, білім алып, бір-бір азаматы болғанын қалайтынын айтты. Әуелі біз одан Ауғанстанға келгеннен кейінгі жағдайды сұрадық. 

«Пәкістанда болған босқындардың бәрін Ауғанстанға депортация жасап, көшірді. Бұған дейін 20 қазақ отбасын полиция үйге келіп, қамап-ұстап Ауғанстанға депортация жасады. 6 кісімізді 20 күнге қамап қойды. Осындай жағдайлар болған соң біз Ауғанстанға қайтуға мәжбүр болдық. 15 отбасы қазір сол Ауғанстанға келіп алдық. Талқан деген қаласында тұрып жатырмыз. Жалпы 38 отбасы бар. Пәкістанда ешкім қалған жоқ. Көбін депортация жасап жіберген соң, біз қалған 15 отбасы Ауғанстанға өзіміз көшіп келдік», — деді Хамид.

Фото: Пәкістан полициясы / Facebook / Хамид Уллах Жорабай  

Ол енді осы жердің құжатын алғалы жатқандарын айтты. Сол құжат дайын болған соң ҚР Сыртқы істер министрлігіне елге оралу жайлы өтініштерін жолдамақ. Бұған дейін жылдар бойы өтініш жолдап келген қазақтардың әлі де болсын атажұртқа оралуға мүмкіндік берер деген үміті үзілмеген.

«Біз Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанға барып, «қазақ» деген анықтамасын алса, көшуге көмектесеміз деген. Қазір ешкім бізге байланысқа шыққан жоқ. Қазақстан үкіметі болсын, Сыртқы істер министрлігі болсын, тілшілер болсын ешкім хабарласпады. Енді біз осы «қазақ» деген анықтаманы аламыз деп шауып жүрміз. Қазірге біздің отбасы ала қоймады. Біздің қолымызға сол куәлік келген соң паспортымызды дайындаймыз. Паспортымызды дайындайтын болған соң біз Сыртқы істер министрлігіне, болмаса Ішкі істер министрлігіне, я болмаса парламентке хат жазамыз. Әзірге біздің құжаттарымыз дайын болмады. Ауғанстанның құжатын, ішінде «қазақ» деген жазуымен бізге беруі керек. 20 күнде жауап келеді деген. Соны күтіп отырмыз», — деді Хамид. 

Фото: Facebook / Хамид Уллах Жорабай  

БҰҰ-ның аштықпен күресетін ең ірі гуманитарлық ұйымы Saving lives changing lives жариялаған ақпаратқа қарасақ:

2026 жылдың наурызында Ауғанстандағы 17,4 миллион адам азық-түлік тапшылығына және жоқшылыққа тап болады деп жазған.

4,9 миллион ана мен бала ашқұрсақ болып, зардап шегуі мүмкін.

Елдің жалпы халқы — 46 миллион адам.

Хамид мырзаның сөзінше, мұнда расымен күнкөріс қамы өте қиын, жұмыс жоқ. 

«Ауғанстандағы жағдай өте күрделі. Ешқандай жұмыс жоқ, Ауғанстанда тірлік қылу бізге қиын болып жатыр. Жұмыс жоқ. Келгенімізге 1 ай 40 күннен асты. Жұмысқа шыққан жоқпыз. Ауғанстан қазақтарының да жағдайы мәз емес. Қыс келіп қалды. Пәкістандағы 38 отбасы осында келдік. Бәрімізде жұмыс жоқ. Өздеріңіз білетін шығарсыздар. Тәліптер келген соң жұмыс жоқ. Ақшасы бар адам бірдеме қылып күнелтеді. Ақшасы жоқ адамға күнкөріс қамын жасау қиын, жұмыс деген жоқ. Әркім өз күнін бірдеме қылып көріп жатыр. Пәкістанда біздің басымызда баспанамыз бар еді. Кәсібіміз бар еді. Үйімізді де, кәсібімізді де тастап-тастап келдік. Сатып жібере алмадық. «Бұлар босқын, тастап кетеді» деп ондағы жұрт сатып алмады, мүлкіміз ақша болмады. Қолымыздағы азын-аулақ ақшаға тамақ алып отырмыз», — деді Хамид.

Ол Ауғанстандағы білім мәселесі жайлы айтып, балаларына оқытқысы келетінін айтты.

«Мұнда кішкентай қыз балаларға білім беретін ешқандай мектеп жоқ. 6-сыныптан кейін жоғары оқу қоймаған. Қазір «дін оқыңыздар» деп, білім бермейді», — деді Хамид.

Хамид мырза отбасымен, жақындарымен бірге Атамекеннің қай жеріне болса да баруға әзір.

«Біз Қазақстанның солтүстігі болсын, батысы болсын баруға дайынбыз. Атамекенімізде қайда бар десе, сол жерге барар едік. Бізге сол балаларымызға мектеп болса, білім берсе, өзімізге жұмыс болса болды. Малмен, сиырмен, жер шаруашылығымен айналысар едік», — деді Хамид.

Ол өзінің орта жүздің керей руынан шыққанын баяндап берді.

«ДНҚ сараптамасын жасаттық. Бірінші әке-шешеміздікін жасатты. Бәрі қазақ деп шыққан еді. Бірақ ДНҚ нәтижесін біздің қолымызға берген жоқ. Оны Сыртқы істер министрлігі жасатты. Біз руымыз — Керей, сүйегіміз — Сарбас», — деді Хамид. 

Қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолы оңай болмады. Ел қамын ойлаған азаматтар атылып кетті. Репрессия, ашаршылық, соғысты өткерген елдің бір бөлігі амалсыз көшіп босып кетті. Сол кезеңдерде атажұрттан жырақтаған Ауғанстан қазақтары да, Пәкістан қазақтары да туған жеріне оралғысы келеді.

«Біз Атамекенге 18 жылдан бері хат жазып келеміз. Сыртқы істер министрлігі бар, Ішкі істер министрлігі бар, парламент бар, «Отандастар» қоры бар… Бәріне арыз-хатымызды жаздық. 2021 жылы Пәкістан елшілігіндегі қазақ елші келген еді. Өзіміз барып көріскен едік. Өте жақсы азамат келген еді. Бізге көп көмектесті. Ауылымызға келіп, үйлерімізді көріп, бәрімізді көріп қайтқан болатын. Қазақ болған соң Отанымызға барғымыз келеді. Әкелеріміз, аталарымыз хат жазып, осы мәселемен көп жүрді. Хатымызға жауап келмеді. Ол кездері Пәкістанның басқа қаласындағы қазақтарды көшіріп әкеткен еді. Біз сол кезде Пәкістанның Карачи қаласында едік. Бізге қарай келмей қалды. Біз қазақпыз. Балаларымыз да қазақша сөйлейді. Қазақтығымызды жоғалтқан жоқпыз», — деді Хамид.

Ол Ауғанстандағы елшілікке барғанын, елшінің демалыс алып Қазақстанға кеткенін айтты. 6 сағаттық жолға шығып, Кабул қаласына жеткенде оны елшінің орынбасары қарсы алған. Орынбасары Хамидтің қолдарында ешқандай құжат болмаған соң, құжатты алған соң келуін сұраған. 

«Бірнеше күн бұрын маған Пәкістан елшілігінен қоңырау шалды: «Кабулда Қазақ елшілігі бар. Барып сөйлесіп көр» деді. Біз отырған жерден Кабул 6 сағаттық жер. Сол елшілікке бардым. Елші демалысқа шығып, Қазақстанға кеткен екен. Келесі айда 18-і Қазақстаннан келеді екен. Сол кезде барып бір көрісемін. Мен барғанда орнында орынбасары отыр екен. Ол маған жауап бере алмады. «Құжаттарды дайындаған соң хабарласыңыздар» деді. Қазіргі қолымызда ешқандай құжат жоқ. Бұйырса 20 күнде қолымызға құжаттарымыз келеді. Содан кейін барып сөйлесіп көремін», — деді Хамид. 

Фото: Facebook / Хамид Уллах Жорабай  

Бұған дейін 2021 жылы құқық қорғаушы С. Сәрсенбаев Қ.Тоқаевқа жолдаған хатында Пәкістандағы 40 шақты отбасын бөліп-жармай, екі ауылға бірге көшіруін сұраған болатын. 

«Пәкістан Ислам Республикасы Карачи қаласы маңында 40-шақты этникалық қазақ (Керей ұлысы, Сарбас руынан) қандастарды  көшіріп әкеліп СҚО және ШҚО Қостанай Павлодар облысы аймақтарына, кем дегенде, әрбір ауыл 2 отбасыдан бөліп орналастыру қажет, туыстық-бауырларын ескеріп», — деп жазды өз хатында Сәрсенбаев. 

Qaz365.kz редакциясы ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызмет комитетіне және Сыртқы істер министрлігіне арнайы сауал жолдаған болатын. Сыртқы істер министрлігі жауап бермеді.

Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Ауғанстаннан келген азаматтардың санын айтып, уәкілетті органның қандай қызметке жауапты екенін айтты.

«Көші-қон мәселелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Осы уәкілетті орган келесі жылға кандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша аймақтық квотаға ұсыныстар әзірлейді және оны облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға және Астанаға бөледі. Қандас мәртебесін алғаннан кейін ІІМ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат береді», — деп жазылған ІІМ-нің ресми жауабында.

Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі таңда елімізде Ауғанстаннан келген 1067 азамат бар.

«2025 жылғы 1 желтоқсандағы дерекке сәйкес, елде тұрақты тұратын Ауғанстан азаматтарының саны 1067 адам, оның ішінде 65 этникалық қазақ бар. Ең көп этникалық қазақ Алматы қаласында – 588 адам тіркелген», — деп жауап берді ІІМ.

Айта кетейік, 2025 жылы 11 012 этникалық қазақ тарихи отанымен қауышып, қандас мәртебесін алды. Атажұртқа жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 159,1 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанға келген қандастардың 45,7% Өзбекстаннан, 42,1% – Қытайдан, 4,5% –  Түрікменстаннан, 2,6% – Ресейден, 2,6% – Монғолиядан  және 2,5 басқа елдерден келген. 

Еске сала кетсек, бұған дейін «Жалғыз жолаушы» жобасының авторы Санат Ілиясұлы Пәкістанға барып, Хамид мырзамен және Пәкістандағы басқа да қазақтармен сұхбаттасып қайтқан еді.