Экс-топ-менеджердің хатына байланысты Air Astana мен FlyArystan тексеріліп жатыр

Qaz365.kz редакциясы
Air Astana

Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының бұрынғы топ-менеджері Ренат Әбілхановтың атынан тараған резонанстық хаттан кейін Бас көлік прокуратурасы арнайы тексеріс бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта Әбілханов қаржы жымқыру және ақшаны заңдастыру күдігімен бір жылдан астам уақыт бойы тергеу изоляторында отыр. Алайда ол хатында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын және әуе компаниясы басшылығы тарапынан корпоративтік қысым көрсетілгенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, қылмыстық іс компанияның IPO-ға дайындық кезеңінде басталған. Әбілханов 2023 жылы басшылық коммерциялық көрсеткіштерді жасанды түрде арттыруды талап еткенін, ал ол «реалистік емес көрсеткіштерді көрсетуге» келіспегеннен кейін қудалауға ұшырағанын алға тартады. Сондай-ақ хатта әуе компаниясы ішінде топ-менеджерлер мен олардың туыстарына жеңілдікпен билет беру тәжірибесі жүйелі түрде болғаны, бұл әрекеттер жоғары басшылықтың нұсқауымен жүзеге асқаны айтылған. Бұған қоса, белгілі бір уақыттарда арзан тарифтердің нақты адамдар үшін ашылуы және овербукингтің әдейі қолданылуы мүмкін екені жөніндегі хаттар мен скриншоттар жарияланған.

Осы уәждерді тексеру мақсатында Бас көлік прокуратурасы Азаматтық авиация комитетіне тиісті талап жолдаған. Тексеріс барысында жеңілдікпен билеттерді заңсыз үлестіру фактілері де қамтылмақ.

Тергеу органдары Әбілхановқа мүлкін тәркілей отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Ал FlyArystan әуе компаниясы сот үкімі шыққанға дейін бұл іске қатысты ресми түсініктеме бермейтінін хабарлады.