Жалғызбасты ана екі баласымен қоса көз жұмды
Түркістан облысы Шұбарсу ауылында жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткен қайғылы оқиға болды. Жалдамалы шағын үйде үш ұлымен бірге тұрған 38 жастағы балабақша тәрбиешісі екі кішкентай баласымен бірге көмірқышқыл газынан уланып, көз жұмды. Балалардың біреуі құсып, еңбектеп есікке жеткен. Әйелдің әріптестері есікті балтамен бұзып кіріп, тек үлкен ұлын ғана құтқарып алған.
Qaz395.kz тілшісі оқиға орнына барып, көршілерінен жағдайды сұрастырып қайтты.
Фото: Qaz365.kz
Жаға ұстататын жағдай 12 қаңтарда таң ертең болған. Балабақшаға келмеген соң әріптестері әйелді іздеген. Үйіне келгенде есік жабық болған. Жағдайды білген олар есікті балтамен ашқан. Сол сәтте есіктің алдында денесі дірілдеп жатқан үйдің үлкен ұлын тапқан. Көршілерінің сөзіне қарасақ, марқұм күйеуімен ажырасқан соң, үш баласымен бірге осы аядай үйде тұрып жатқанына 3 жыл болған.
Күлайна Гүлмұратова есімді көршісі сол маңайдағы елді мекендерде газ бар екенін, ал дәл осы аумаққа басшылықтың «газ келеді» деп айтқандары талай жылдың жүзі болған.
«Сол газ келмеген соң, көмірден бір отбасы уланып жатыр. Балалар анасымен бірге кетті. Пеші жарамай қалған, иесі қарамаған. Өзі сол пәтерді жалдап тұратын. Сол бізге газ керек. Неше жылдан бері күтіп отырмыз? Оның пеші үйде орналасқан. Негізі көбінің пеші далада болуы керек еді. Сол үшін осы оқиға болып отыр. Барлығымыз пешімізді қадағалап отырмыз. Қазіргі көмірдің бәрі жаман, майлы көмір. Улы көмір. Бізге тек газ керек. Тезірек газ келсе екен дейміз. «Былтыр келеді» деген. Келмеді. 2020 жылдан бері күтіп отырмыз. Біз өзіміз 2004 жылдан бері отырмыз. Содан бері айтып келеді. Әлі газ жоқ. Барлық жерде, жан-жағымызда газ бар. Бізде ғана жоқ», — деді көршісі.
Фото: Qaz365.kz
Ол оқиға марқұмның отбасы жайлы да айтты. Оның сөзінше, марқұм болған әйел жуас, ешкіммен қақ-соғы жоқ адам болған.
«Оны таңертең жұмыстағылары іздеген. Сағат 8:30-да жұмыс істейтін адамдар үйіне жүгіріп келіп, есікті ұрып ашады. Ашса жүріп кеткен екен. Мен кейін оқиға орнына барып көрдім. Барлығы жиналып алған екен. Полиция, тергеушілер, бәрі бар. Сонымен төртеуін де әкетті. Үлкен баласының денесінде сәл жылу бар екен. Оны дереу жансақтау бөліміне жатқызған. «Кеше беті бері қарапты» деп естідім. Балаларының ортаншысы 1-сынып оқиды. Ол 5-6 жаста. Ал екіншісі 4 жасар. Екеуін де көрдік. Анасының қасында уланып қалған, жатыр. Ес-түзсіз. Өздері тұратын үй кішкентай ғана, бір-ақ бөлме, тағы кішкентай біреуінде газ тұрады. Жұмысқа бармағаны үшін ғана біліп отыр. Базар күні болып қалған ғой. Іздемесе білмейтін еді. Қарапайым ғана отбасы, күйеуінен ажырасқан еді. Осы тұрғандарына 3 жыл болған. Жуас қана, ешкіммен жүз шайыспаған келіншек еді. Көмірді сала салып жатып қалған. Күн суық, тұман болатын. Буланып иісі шыққан. Көмірдің ісі бірден емес, жайлап шығады ғой. 7-сынып оқитын баласы құсқан, еңбектеп есіктің алдына келген ғой. Сол кезде сырттан келгендер есікті ашып қалған. Денесі дірілдеп жатқан. Әйтеу, жарты сағатта жедел жәрдем келіп алып кеткен. Есікті сырттан адамдар бұзып кірген. Бізге көмір керек. 2004 жылдан бері жағып келеміз. Басшыларымыздың тірлігі ғой. Бізге дұрыс қарамайды», — деді Күлайна Гүлмұратова.
Тағы бір көршісі де марқұм әйелдің жақсы адам болғанын және қайғылы оқиғаға жаны ауырғанын айтты.
Фото: Qaz365.kz
«Немеремді ойнату үшін сыртқа шыққанмын. Бір кезде жедел жәрдемнің даусы естілді. Көліктер көбейіп кетті. Үйдің алдында полиция мен жедел жәрдем көлігі тұр екен. Бірден қонысына хабарластым: «Үйіңнің артында тыныштық па?» деп сұрадым. Ол «Мен жұмыстамын» деді. Сосын ар жақтағы жеңгеме хабарластым. Ол «Осындай жағдай болып жатыр» деді. Мен немеремді тастай алмадым. Басында «бәрі жақсы» деген. Кейін бір кішкентайын алып кеткенін, үшеуі қайтыс болғанын айтты. Өзім көріп жүретінмін, жақсы келіншек еді. Балаларын мектепке шығарып жүргенін де көргенмін. «Неден болды?» деп сұрасам, көмірден деді. Бір келіншек есікті ашқанда, үйдің іші көк түтінге толып тұрғанын айтқан. Барлығы түтінге уланып қалған. Бір отбасы екі баласымен көз жұмды. Әрине, ішің ашиды. Екі баласы мектепте оқиды, біреуі балабақшада. Менің естуімше, ол күні жұмысқа келмеген. Жұмыстағылар іздеп, үйіне барған. Есікті ашпаған соң, балтамен бұзып кіріпті. Сол кезде көк түтін шыққанын айтқан. Мұның бәрін өз көзіммен көрген жоқпын», — деді Рая Жеңісова.
Фото: Qaz365.kz
Шұбарсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғабит Аманов баланың қазір ауруханадан шыққанын айтты. Оны енді әкесі алып кететін көрінеді.
«2012 жылы туған бала ауруханадан шығарылды. Оны әкесі алып кетеді. Біз бұл үйге 2025 жылдың желтоқсан айында барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенбіз, ықтимал қауіптерді егжей-тегжейіне дейін айтып берген едік. Сол кезде марқұм Раушан апаймен де кездесіп, барлығын түсіндірдік. Осындай қайғылы жағдайдың болғаны өкінішті», – деді Шұбарсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғабит Аманов.
Көршілерінің айтуынша, қайғылы оқиға болмай тұрып, түтін шығатын мұржаны тазаламақ болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға мұржаның дер кезінде тазаланбауынан болған. Қазіргі таңда тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.