«Ол сталкер болды»: Шымкентте қаза тапқан қыздың ағасы күдіктіге ең ауыр жаза сұрады

Qaz365.kz редакциясы
Otyrar.kz

Шымкетте танысының қолынан қаза тапқан  21 жастағы қыздың ағасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Марқұмның жақыны қарындасының мінезі өте биязы, сабырлы әрі тұйық болғанын, соның салдарынан күдікті оны қорғаусыз деп санап, шектен шыққан әрекеттерге барғанын жеткізді. Оның сөзінше, қанішер бойжеткеннің қыр соңынан қалмайтын нағыз сталкер болған.

«Шынымызды айтсақ қан жылап отырмыз. Біз әр жаңалықты оқып отырамыз, қолдау көрсетіп жатқан жандарға рахметімізді айтамыз. Қазір біздің қолдан тек сол адамға максималды срок беру ғана қолымыздан келеді. Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды өйткені кейін арғы жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. Сот процесі әділ өтеді деген сенім бар», — деп жазды марқұм болған 21 жастағы қыздың ағасы.

Айта кетейік, 11 қаңтар күні кешкі уақытта 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты. Марқұмның мәйіті көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің маңынан табылды. Денесінде бірнеше пышақ жарақаты анықталды. 
Оқиға болғаннан кейін жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Бастапқыда күдіктіге іздеу жарияланып, полицейлер қалаға кіретін және шығатын жолдарда бақылау орнатып, барлық аумақты тексерді. Қазір күдікті қамауда отыр.

Бұл жайт бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетсек, Qaz365.kz оқиға орнына барып, куәгерлерден жағдайды сұрастырып, істің мән-жайын анықтаған еді (https://share.google/qzJMI4AOj051rWqE4)