«Өртті қымызбен өшірді»: Кентаудағы жарылыстан жарақат алған жігіт сүйгенінің соңынан бақилық болды

Қарғалдақ

Кентаудағы жарылыстан денесін күйік шалған жансақтау бөліміндегі 20 жастағы жігіт көз жұмды

Коллаж: Qaz365.kz

Жұрт жаңа жылды қарсы алып тойлап жатқанда 1 қаңтарға қараған түні Кентау қаласындағы қымызханада газ жарылып, 18 жастағы Дана Сәрсенғали қайтыс болды. Одан бөлек төрт адам жарақат алып, ауруханаға түскен еді. 12 қаңтарда 20 жастағы аспаз Бақдәулет Мұса дүниеден озды. 8 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқанымен, оның беті бері қарамады.

Qaz365.kz марқұмның туыстарына хабарласып, істің мән-жайын сұрастырды.

«Шаңырақ көтермек болған»

Бір өкініштісі, сол ғимаратта өрт кезінде қаза тапқан Дана Сәрсенғалимен Бақдәулет Мұса шаңырақ көтергелі жүрген. 30 желтоқсанда 20 жасқа толған Бақдәулетті сол күні достары мен сүйіктісі Дана арнайы келіп құттықтаған. Көңілдері көтеріңкі, жүздері бал-бұл жанған жас жұптың қуанышы ұзаққа созылмады. Келесі күні-ақ екеуі жұмыс істейтін дәмханада газ баллоны жарылып, 18 жастағы Дана сол жерде көз жұмды. Ал ауыр күйік жарақатын алған Бақдәулет сегіз күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, өмірден өтті. Марқұмның әжесі өзіне немересі оқиға болмай тұрып, Бақдәулет Мұса мен Дана Сәрсенғалидің хабарласып, жаңа жылмен құттықтағанын айтты.

Фото: Qaz365.kz

«30 желтоқсан күні балам келіп, туған күні болған, сырының бәрін айтып, құшақтап сүйіп кетті. «Апа, мен жаңа жыл түні жұмыста боламын. Келе алмаймын» деді. Далаға шығып кетсе де, қайта айналып келіп сүйіп кетті. Түнгі сағат 12:15-те жүретін қызы Дана бара еді қасында, екеуі мені жаңа жылмен құттықтады. Сол құттықтағаннан кейін: «Апа, басқа күні хабарласамыз, жұмыс қызып жатыр. Қолымыз тимей жатыр» деді. Шамамен содан 30-40 минуттан соң газ балоны жарылыпты», — деді Қалдықыз Ахметова.

Фото:Әлеуметтік желілерден

Марқұм 9 қаңтарда қайтыс болған. Марқұмның әжесі Қалдықыз Ахметова бұл жағдай жайлы былай дейді:

«Оны жүрегім ауыратын болған соң, келіндер хабар бермей, таңғы намаздан кейін отырғанымда хабар келді. Содан ауруханаға бардық. Сонда отырып баламыздан хабар күттік. Ешқандай өзгеріс болмады. Содан бір жетідей уақыт өтті. Бізге «бала жақсы болып қалды» деген соң біз қатты сеніп, алаңсыз қалған едік. Үміт күтіп, жүрегіміз қуаныштан жарылардай: «Құдай қаласа, Бақдәулетімнің беті бері қарады» деп бәріміз қуанып отырдық. Содан 9 қаңтардың түнінде хабар келді: «Апа, сізді үйге алып кетейін деп едім» деп құда бала келді. «Тыныштық па? Бақдәулетім аман ба?» деп сұрай бердім. «Аман» деп үйге әкелді. Сол жерде естіртті», — деді Қалдықыз Ахметова.

«Жоғарыдағылар жасырып отыр»

Бақдәулет көпбалалы отбасында тәрбиеленген, үйдегі алты баланың төртіншісі еді. Жақындарының айтуынша, ол бала кезінен футболға әуес болып, түрлі командалар сапында өткен жарыстардан жүлдемен оралған. Марқұм Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде дене шынықтыру мамандығы бойынша 3-курста білім алып жүрген. Дәмханаға аспаз болып жұмысқа кіргеніне небәрі бір ай ғана болған.

Фото: Qaz365.kz

«Менің естуім бойынша, жарылыс болған сәтте сол жерде 50-ден көп адам болған. Бірақ жоғарыдағылар жасырып отыр. Қанша адам жарақат алды, қаншасы көз жұмды? Бұл бізге белгісіз. Бірақ естуім бойынша ол жерде адам өте көп болған. Ішінде адам көп болған соң, бір танысымның баласы донер тапсырыс беріп, сыртта күтіп тұрған. Адамдар тіпті кезек күтіп қалған. Сол күтіп тұрғанда жарылған. Сыртта тұрған ол да арқасынан жарақат алған», — деді Мәди Ахметов.

Фото:Әлеуметтік желілерден

Мәди Ахметов марқұмның арманы көп болғанын, футбол ойнап елімізде және шетелдерде жарыстарға қатысқанын айтты.

«Баламыз ол жерде уақытша істеп жүрген. Нан, пұл табайын деп. Оқу оқып жатыр. Өзі футболист. Қазақстан бойынша, Өзбекстанға, тағы бір талай жерлерге жарысқа барған мықты жігіт еді. Армандары көп еді. Мұндай болатынын ешкім білмеді», — деді Мәди Ахметов.

«Қауіпсіздік шаралары сақталмаған»

Ол жалға беруші де, алушы да ешқандай қауіпсіздік шараларын сақтамағанын айтты.

«Бұл жерде жалға беруші де, алған адам да ешқандай қауіпсіздік шаралары жоқ. Нөл», — деді марқұмның туысы Мәди Ахметов.

Коллаж: Qaz365.kz

Айта кетейік, Кентау қаласында 1 қаңтарға қараған түні дәмханада газ жарылысы тіркелген еді. Қайғылы оқиға салдарынан сол мекемеде жұмыс істеген 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы оқиға орнында көз жұмды. Араға бір апта салып, денесін күйік шалған 20 жастағы аспаз Бақдәулет те ауруханада бақилық болды. Жақындарының айтуынша, олар биыл көктемде үйленуді жоспарлаған. Алайда қуанышқа толы тойдың орнына екі отбасы да аза тұтып, қара жамылды. Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар мен туыстар бұл жағдайға дәмхана иесінің салғырттығы себеп болды деп есептейді. Олар еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған кәсіпкердің заң алдында қатаң жауапқа тартылуын талап етеді. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Qaz365.kz тілшісі Дана Сәрсенғалидің жақындарынан сұхбат алып, олардың талабын тыңдаған еді.