«Жынды деп шығарып алса да, қан жібермейді»: Нұрай Серікбайдың ағасы сұхбат берді

Қарғалдақ

Бұған дейін әкесінің Қаратау аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратураға жазған арызы қараусыз қалған

Коллаж: Qaz365.kz

11 қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды аяусыз пышақтап кетті. 28 жастағы күдікті оны бұрын қазан айында алып қашқан. Кейін аңдып, маза бермеген. Сол іс бойынша арыз жазылғанымен іс қозғалмаған. Айдың, күннің аманында көшеде 21 жастағы қызды пышақтап кеткенін естіген жұрт өретүрегеліп, іске қатысты әділ тергеу жүргізілуін талап етіп жатыр. 

Qaz365.kz тілшісі марқұмның әкесінің ағасы Сағымбек Әлімжанмен сұхбаттасып қайтты. 

Қанды түн

Марқұмның әкесі Сағымбек Бауыржан есімді азамат. Бізге сұхбат берген Сағымбек Әлімжан оқиғаның мән-жайын баяндап берді. 

Фото: Qaz365.kz

«Қазалы болып отырған менің Бауыржан деген інім. Оның қызы көз жұмды. Сол менің де қызым еді. Ол кісінің аты — Сағымбек Бауыржан болса, менің аты-жөнім — Сағымбек Ғалымжан. Бұл жағдайды бір шарадан келіп, демалып жатқанда естідім. Жасым 60-тан асып кетті. Жол жүру де оңай емес. Солай бері қарай келгенше түнгі сағат 2-ден асып кетті. Келсем келінім, бәрі талып жатыр. Інім жылап-еңіреп отыр. Заң органдарынан сұрайтыным — айыпты әділ жазасын алса екен. Қазақта «Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» деген сөз бар. Жазасы берілсін», — деді марқұмның ағасы. 

Нұрай үйдің кенжесі. Екі ағасы бар. Сағымбек Әлімжанның сөзінше, оқиға болған түні Нұраймен бірге үйде анасы ғана болған. Ал әкесі ауысымдық жұмысқа кеткен. Үлкен ағасы сол күні кешке жұмыста болған. Сол күні кешке Нұрай жайбарақат, алаңсыз үйде торт пісіріп жүрген. Соған ұн қажет болған соң, дүкенге шыққан. Сағымбек Әлімжанның сөзінше, алып қашқаннан кейін де күдікті Аймахан Шерхан Нұрайды аңдуын тоқтатпаған. Ол аңдуға қатысты дәлелдер де бар екенін айтты.

«Екі баламызда да сол баланың көлігімен келіп отырғанын айғақтайтын дәлел бар. Телефонға видеоға түсіріп алған. 015 Hyundai Mufasa дейтін көлік. Оқиға болған күні әкесі ауысымдық (вахта) жұмысқа кеткен. Қызымыз, оның анасы, ағасы үшеуі үйде болған. Кешке ағасы жұмысқа кеткен. Содан кейін болып отыр ғой», — деді Сағымбек Әлімжан.

Сағымбек Әлімжан молдамен бірге мәйітке ақ кебін кигізуге кіргенде мәйіттің жарақаттарын көргенін айтты. Марқұм Нұрайдың тамағы және беті тілінген. Күретамырына пышақ тиген. Сағымбек Әлімжан бұл жағдайды қорқып, шошынып қала ма деп марқұмның анасына көрсетпегенін айтты. Қайғыдан қан жұтқан ана осылайша соңғы рет қызымен қоштаса да алмаған. 

«Қызымыздың мәйітін әкелген соң салт-дәстүр бойынша жуамыз деді. Молда екеуміз кіріп көріп едік, бет-аузының бәрін тілгіштеп тастаған. Мойны, беті тілінген. Мойнындағы күретамырға пышақ тиген. Денесінің алды-артынан пышақ ұрған. Өзім жеті жарақатты ма, көрдім... Арт жағынан пышақпен қанша жарақат салғанын білмеймін. Бас салып, пышақты ұра берген. Ары қарай денесін ашқызбадым. Мәйітханадағы кісілер жуып-тазалаған екен. Сыртынан кебінін кигізіп, шығарып салдық. Қыздың анасына, яғни келініме қорқасың деп көрсетпедім. Өзім де ұл-қыз өсіріп отырмын. Мынадан кейін біздің Қазақстанда өмірден қорқайын дедім. Ауылымызда да осындай 1-2 жағдай болған. 2-3 жылдан кейін шығып кеткендерді де көріп жатырмыз», — Сағымбек Әлімжан. 

Ол Аймахан Шерханның бірнеше мәрте пышақ сұғып қашып бара жатып, қайта айналып келіп тағы 2-3 мәрте пышақ сұққанын айтты.

«Қашып бара жатып, қайта айналып келіп тағы 2-3 мәрте пышақпен ұрған. Соншама жауыздың істейтіндей біздің қызымыз оның әке-шешесіне тіл тигізді ме? Талай алып қашқан қыздар қалауы жоқ болса, көнбей кетіп жатыр деп айтып отырмын ғой. Жүректің қалауынсыз ешкім ешкімді байлап бермейді ғой. Пышақты сол жерге тастап кеткен дейді. Мен оны нақты білмеймін. Нақты пышақтың сыртқы қынабы қалған», — деді Сағымбек Әлімжан.

Ол Нұрайдың жарақаттарын айтып отырып қатты күйініп сөйледі. Тамағындағы пышақ ізін айтып, «бәлкім орып жібергісі келген шығар» деп топшылады.

«Соншама бет-аузынан дым жоқ қылып, мойнынан тіліп, пышақ сұғатындай не болды? Тамағын орып жібермек болды ма? Менің ойымша, тамағын орып жібермекші болған…», — деді Сағымбек Әлімжан.

Қаралмаған арыз

Қазан айында Нұрайды күдікті Аймахан Шерхан алып қашқан. Алып қашқан соң, арыз жазылған. Бірақ ол қаралмаған.  Керісінше сол жерде «бар кінә өзімнен» деген қолхатқа қол қойдырып, видеоға түсіріп алған. 

«Екеуі тойда танысқан екен. Бізде қазақта мақал бар: «қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді» деген. Менің де өзімнің ұлым бар. Ол енді бойдақ. Қызбен сөйлесіп, жүріп жүр. Ондай жағдайға баратындай сонша не болды? Осындай бейбітшілік заманда «қызымыз осындай жағдайға ұшырайды» деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті», — деді Сағымбек Әлімжан.

Оның сөзінше, қызды алып қашқан соң, артынан іздеп барған екі ағасына күдікті Шерхан Аймахан есікті ашпаған. Ақыры арнайы әскерилердің көмегімен ғана құтқарып алған. 

«Қазан айында қызымызды алып қашқан екен. Содан ініміздің айтуынша, бала келіп 1 айдай үйімізді торуылдап жүрген. Алып қашқан кезде інім өзі бармай, қыздың екі ағасын жіберген. Сөйтіп екі баламыз барса, анау үйге кіргізбеген. Екі інішек те жас балалар емес, 30-ға келіп қалған. Арнайы жасақ шақырған. Сол арқылы Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне әкелген. Одан кейін сол арада қыз бен баланы алып кіріп, видеоға түсірген. «Өз еркіңмен келдің бе?» деген сұрақтар қойылған. Онда қандай қысым көрсетілгенін біз білмейміз. Біреуге бәле де жаппаймын. Бірақ істің аяғы қараусыз қалған ғой. Сонымен қызымызды видеоға түсірген, қолхат жаздырып алған деді. «Бар кінә менің өзімнен болды» деп. Қыз деген әлсіз. Қандай ер адам болса да, қызға шамасы келеді», — деді Сағымбек Әлімжан. 

Бұған дейін Нұрай Серікбайдың әкесі арыз жазып, Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне жүгінген. Ол қаралмаған соң Қаратау аудандық прокуратураға жүгінген. Ақыры ол да қараусыз қалған.

«Қазан айында қызымызды алып қашқан соң, ініміздің айтуынша, бала келіп 1 айдай үйімізді торуылдап жүрген. Содан кейін інім Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне арызданған. Оны ішкі істер бөлімі қарамаған. Содан кейін Қаратау аудандық прокуратурасына арыз жазған. Ол да қаралмаған. Сол арызды берген жөні «осындай қызыма тыныштық бермей жатыр» деп жазған. Біздің естуімізше, олар «ол да біреудің перзенті» деп, қысқасы арызды жөнді қарамаған ғой. Сол кезде солар қарап, қылмысты жасаған балаға сөйлескенде мүмкін қызымыз арамызда жүрер ме еді?», — деді Сағымбек Әлімжан.

Ол Нұрай Серікбайдың өте білімді болғанын, ата-анасының енді жоғарғы оқуды да жақсы бітіреді деп үміттенгенін айтты.

«Қызымды мақтап отырғаным емес. Мектепті алтын белгімен бітірген, жоғарғы оқу орнын да қызыл дипломмен бітіреді деп үміттеніп отырған қызымыз еді. Әркім ұлдан болсын, қыздан болсын үмітін үзбейді ғой», — деді Сағымбек Әлімжан. 

Ол Нұрай Серікбайды Аймахан Шерханның Алматыда да аңдығанын айтты. 

«Менің інім баланың әкесіне бұған дейін сөйлескен екен. «Біздің қызымыз бүлінбеген, енді ұлың қойсын. Бізде қойдық» деген. Алматыға да барған. Төлеубекованың бойындағы баланың көлігінің нөмірі 015 Hyundai Mufasa деді. Сол көлігімен келіп қызымыздың үй жағында отырған. Содан ініміз ішкі істер бөліміне арнайы топқа хабарласқан. «Мына бала қызымды қорқытып, тыныштық бермей жатыр» деп. Ол да қаралмаған. Енді қарай алмайтын себебі де бар. Менің білеуімше, біреудің үйінің алдына келіп тұрған көлікке ҚР заңы бойынша ешкім ештеңе айтпайды. Мақұл, ол енді заңды шығар. Ініміз кезінде арызданды ғой. Сол мүлде қаралмаған ғой. Сол кезде қаралып, баланың әке-шешесін шақыртып алып, іс-шаралар жүргізгенде мүмкін мұндай болмас па еді?», — деді Сағымбек Әлімжан.
 

«Жынды деп шығарып алса да, қан жібермейді»

Ол журналистке сұхбат беріп тұрып, күдіктінің әкесіне бірер ауыз сөз сөйледі.

«Ақшаны берсе де, баласын жынды деп шығарып алса да, жазықсыз өлген қызымыздың қаны әйтеуір бір уақытта табады. Алла өзі жазасын береді», — деді Сағымбек Әлімжан. 

Ол құзырлы органдардың әділ жаза беретініне сеніп отырғанын айтты.

«Ауытқуы «бар» болатын болса, қарға тамырлы қазақпыз ғой. Олар дүниесіне сенсе, бізде сенетін адамдарымыз бар. Бізде өтініш жасаймыз. Бірақ өтініш жасасып, қастасудың қажеті жоқ. Бірақ мен өзім заң органдары әділ жазасын береді деп сенім отырмын», — деді Сағымбек Әлімжан. 

«Әке-шешесі кешірім сұрап келмеді»

Марқұмның ағасы Сағымбек Әлімжан Шерхан Аймаханның ата-анасының кешірім сұрап келмегеніне қатты назалы болып отыр.

«Несін жасырамын?!. Баланың не әке-шешесі кешірім сұрап келген жоқ, не ағайын туысқаны келген жоқ. «Осындай жағдай болып қалды» деп. Мен құн сұрап, басқа нәрсе сұрап отырған жоқпын. Жағдайымыз жоқ емес. Бізге құнның да, басқасының да керегі жоқ. Бір ауыз салт-дәстүріміз бойынша келіп, кешірім сұрамады. «Осындай жағдай болып қалды. Біз енді сондай жағдай болатынын білмедік» деп әкесі келсе болатын еді ғой. Мақұл, оның алдында да бір даулы жағдай болыпты. Мен ол жағын естіген жоқпын. Қазақ «қыз жат жұрттық» деп әр уақытта жоғары тұтқан ғой», — деді Сағымбек Әлімжан.

Ол құзырлы органдардан ең ауыр жаза беруін талап етті. 

«Баланың (ред. күдікті) әкесі мен қатарлы 60 жастан асқан кісі екен. Оны онысызда үйге кіргізгелі отырған жоқпыз. Бірақ ең болмаса келіп, алдымыздан өтуі керек еді. Өткенде жоқ. Бұл не басымгерлік (ред. өктемдік) пе? Менің сұрайтыным, әркім әркімді пышақтап өлтіріп кете берсе, Қазақстанда бұл қандай дәреже?!. ҚР заңы бойынша сотталсын деп тілеймін енді. Ауыр жазасын алсын. Ауыр жазасын бермейтін болса, бізде де тіл бар, басқа бар. Қазір сөйлеп отырмыз ғой енді. Шама бар басылдық. Қанша дегенмен, «тас түскен жеріне ауыр» болғанымен айтып отырмын ғой. Ішкі істер министрлігі мен прокуратурадан лайықты жазасын берсін деп сұраймын», — деді Сағымбек Әлімжан.

Сағымбек Әлімжан әлеуметтік желідегі «қыз неге кешке таман шығады?» деген сарындағы марқұмның соңынан айтылған сөздерге қатысты былай деді:

«Ақ-қарасына жетпей жатып айтпаңыздар, өтінішім сіздерге. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Сіздердің желідегі пікірлеріңізді оқудың өзі бізге ауыр болып жатыр. Қызымыз үйде торт пісірмек болған. Соған ұн жетпей, соны алу үшін дүкенге шыққан. Ұн, жұмыртқа әкелейін деп. Тәтті тағам пісіріп жатқан соң», — деді Сағымбек Әлімжан.

Еске сала кетсек, бұған дейін Qaz365.kz марқұмның жақындары мен туыстарының пікірін жариялаған болатын. Олар Аймахан Шерханды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің барлық мынадай баптары бойынша жазаға тартуды сұрайды:
— заңсыз бас бостандығынан айыру / адам ұрлау (мәжбүрлі некеге итермелеу мақсатында);
— сталкинг;
— қорқыту;
— адам өлтіру 
қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып, заңда көзделген ең қатаң жаза тағайындау.
Сонымен қатар, жәбірленушінің арыздарына тиісті деңгейде әрекет етпеген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) құқықтық баға беріп, негіз болған жағдайда оларды да заң аясында жауапқа тартуды сұрайды.
Толығырақ материалымыздан оқи аласыз.