«Арыз болған, бірақ іс қозғалмаған»: марқұм Нұрай Серікбайдың ісін алған адвокаттар арыз түсірді

Qaz365.kz редакциясы

Шымкентте бұрын аңдыған күдіктінің қолынан 21 жастағы Нұрай қаза тапты

Коллаж Qaz365.kz

11 қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды күдікті Аймахан Шерхан аяусыз пышақтап өлтірді. Қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстың жай-жапсары белгілі болған сайын, жұртшылықтың наразылығы арта түсті. Марқұмның жақындарының айтуынша, 28 жастағы күдікті Нұрайды өткен жылдың қазан айында алып қашқан. Одан кейін де қызды аңдып, тыныштық бермеген. Бұл дерек бойынша полицияға арыз жазылғанымен, іс қозғалмаған. Бүгін адвокаттар Абай аудандық ішкі істер бөліміне келіп осы бойынша және басқа да жағдайларға байланысты арыз түсірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айдың, күннің аманында көшеде жас қыздың пышақталып қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мен белсенділер істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп жатыр.

Бүгін жәбірленуші тараптың адвокаттары Аяхан Омаров пен Сержан Нұрпеисов тергеу органдарына бірқатар өтінішхат тапсырғанын мәлімдеді.

«Серікбай Нұрайдың қылмыстық ісі бойынша Абай аудандық Полиция басқармасына келдім.
Тергеушіге іс бойынша бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізуі туралы өтінішхаттар келтірдім.
Сталкинг фактісі жайлы тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Нәтижесін қосымша айтатын боламын», — деді Аяхан Омаров.

Сонымен қатар адвокат істі қалалық Полиция департаментінің Тергеу басқармасына беруді сұрап, прокуратураға да ресми өтініш жолдаған.

«Шымкент қаласы Абай ауданы прокуратурасына Серікбай Нұрайдың қаза болуына байланысты тіркелген қылмыстық істі Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының өндірісіне беру туралы өтінішхат жолдадым. Іс қоғамда резонанс тудырып отыр.
Осыған байланысты ол объективті, сапалы және созбалаңсыз тергелуі тиіс деп санаймын.
Оған қоса, Тергеу басқармасында тәжірибесі мол, білікті тергеушілер шоғырланған. Бұл жайт қылмыстық істің толық, жан-жақты түрде тергелуіне септігін тигізеді», — деді Аяхан Омаров.

Адвокаттың айтуынша, бұған дейінгі әрекетсіздік те назардан тыс қалмайды.

«Ол бойынша әріптесім Сержан Нұрпейісов екеуміз қызметтік әрекетсіздік жасағандары үшін Бас прокуратураға шағымданатын боламыз», — деді адвокат.

Қоғам Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істің ресмилік үшін ғана емес, шынайы әрі әділ тергелуін күтіп отыр. 
Еске сала кетсек, Qaz365.kz редакциясы марқұмның ағасынан сұхбат алған болатын. Толығырақ материалымыздан оқи аласыздар.