Маңғыстау облысында жолаушылар автобусы аударылып, төрт адам қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы
Көлік министрлігі

Маңғыстау облысындағы автожолда жұмаға қараған түні, шамамен сағат 01:00-де жолаушылар автобусы аударылды. Көлікте 50 адам болған. Оқиға салдарынан төрт жолаушы қаза тапты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала дерек бойынша, автобус Ақтау қаласынан Бейнеу ауылына қарай бағыт алған. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат сәтінде рөлде 1985 жылы туған жүргізуші болған.

Министрлік мәліметінше, автобус 2025 жылғы 19 желтоқсанда техникалық байқаудан өткен. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасына дейін 200 шақырым бұрын жүргізуші ауысқаны хабарланды.

Апат болған жол бөлігі II техникалық санатқа жатады. Жол жамылғысы асфальтбетонды, жүріс бөлігінің ені 9 метр, жабында ақау жоқ, жол белгілері толық орнатылғаны айтылды.

Жол апаты салдарынан оқиға орнында төрт адам қаза тапты. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тағы 42 жолаушы түрлі деңгейдегі жарақат алған. Олардың 17-сі ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем алуға жіберілген.

Аталған дерек бойынша Маңғыстау облысының полиция департаменті тергеу амалдарын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.