«Әділ жазасын алсын»: Нұрайдың өліміне күдікті танымал блогердің туысы болып шықты

Qaz365.kz редакциясы

Соттың әділ шешім шығарып, тиісті жазасы берілуін қалаймыз

Видеодан кадр

Танымал ерлі-зайыпты блогерлер Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан Шымкент қаласындағы 21 жастағы Нұрайдың өліміне күдікті Шерхан Аймаханның олардың туысы екенін растады. Мағжан Аймаханның айтуынша, ол әкесінің немере ағасы, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұрын желі пайдаланушылары бұлардың сырт келбетінің ұқсас және тегінің бірдей болуына қарап, туыс болып шығуы мүмкін екендігін болжаған. Сондай-ақ желіде блогерлердің күдіктімен бірлескен фотосуреттері пайда болған еді.

«Иә, Шерхан – әкемнің інісінің баласы, біздің туысымыз. Ешкім баласының қатыгез немесе зұлым болып өскенін қаламайды, тіпті ойына да кіріп шықпайды. Сондықтан бұл жағдай өзімізге де өте ауыр тиіп жатыр. Ешбір ата-ана қызының басқа адамның қолынан қаза тапқанын қаламайды. Бұл екі жақтағы ата-аналар үшін өте ауыр жағдай. Біз екі тараптыңда қазіргі жағдайын ешкімге, ешбір адам баласына тілемейміз», – деді Мағжан Аймахан.

Туыстық байланыстарына қарамастан, ерлі-зайыптылар күдіктіге әділ үкім шығуын талап етуде.

«Сот пен жазаға келетін болсақ, біз бәрі әділ және заңды түрде өткенін қалаймыз. Бірақ, өкінішке орай, қанша жылға сотталып кетсе де, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орыны толмайды. Сол себепті шын жүректен Алла жеңілдігін берсін деп дұға етеміз және ата-анасына тағы да көңіл айтамыз. Әулеттің үлкендері де барып көңіл айтып, құран бағыштап қайтты. Алла тағала Нұрайдың жанын жәннәттық етсін!» – деді олар.

Сонымен қатар, блогерлер тергеу барысына әсер етуі мүмкін екендігі туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазір блогерлер туысына қатысты істің әділетсіз шешілуіне әсер етуі мүмкін деген қауесет тарады. Керісінше, халықтың алдында жүрген адам ретінде қанша жерден туысымыз болса да, бұл жағдайда соттың әділ шешім шығарып, тиісті жазасы берілуін қалаймыз. «Бұлар блогер ғой» деп бекер жала жаппауды сұраймыз. Себебі біз ең бірінші Алланың жазасынан қорқамыз, сол себепті бұл жағдайды ақтап алатын ойымыз жоқ. Өйткені бұл өте зұлымдықпен жасалған қылмыс!» – деп қорытындылады олар.