Күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды
Жетісу облысы Жаркент қаласында 28 жастағы әйел өзінің кішкентай баласын аяусыз теуіп, ұрып-соқты. Бұл бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Қазір әйел қамауда. Ал полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлеуметтік желіде тараған Жетісу облысында баласын аяусыз соққыға жыққан әйел адамның видеосы жұрттың наразылығын туғызды. Әлі күнге жұрт өретүрегеліп, мәселені талқылап жатыр. Назалы пікірлер әлі саябырламай тұр. Бейнежазбада шамамен 3–4 жастағы баланың шағын пәтерде жылу батареясына қара жіппен байланғаны көрінеді. 28 жастағы әйел әлсіз, қорғансыз балаға күш көрсетіп, тепкілейді, ұрып-соғып, балағат сөздер айтады. Бейнежазбада пәтер ішінде тағы үш баланың жүргені көрінеді. Бұл зорлық-зомбылық сәтін белгісіз біреу ұялы телефонға түсіріп алған.
Бұған дейін полиция баласын аяусыз ұрған әйелді қамауға алынғанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар қамқоршылық және қорғаншылық органдары ананы ата-ана құқығынан айыру мәселесін заңнамаға сәйкес жеке тәртіппен қарайды.
Балаларын ұрып-соқты деген күдікпен анасына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бұл іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Балалардың жағдайы қазір жақсы, денсаулығына қауіп жоқ. Олар Жаркент қаласындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаны үйге қонаққа келген әйел түсірген. Ол сәтте үй иесі, азамат Т., дүкенге шығып кеткен де, телефонын үйде қалдырған. Сол телефон арқылы анасының баласын ұрып жатқан сәті бейнеге жазылған.
Сондай-ақ балалардың әке-шешесі психиатриялық диспансерде арнайы есепте тұрғаны белгілі болды. Екеуінде де ақыл-ой кемістігі бар. Олар 2020 жылдан бері заңды некеде. Бұған дейін ата-ананың екеуі де Жаркенттегі арнайы мектеп-интернатта тәрбиеленген.