Бестөбедегі шахтадан Степногорск тұрғынының мәйіті табылды

Qaz365.kz редакциясы
Caravan

Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі алтын өндіретін шахта аумағынан ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм «Новая» шахтасының аумағына заңсыз кірген. Полицейлер оның 1991 жылы туған Степногорск қаласының тұрғыны екенін анықтады. Мәйіт шахтаның 610-шы горизонтынан табылған.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 269-1-бабының 3-бөлігі («Күзетілетін нысанға заңсыз кіру салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.