«Аналарыңды өлтіремін»: Түркістанда өгей әке 6 және 8 жастағы екі қызды бірнеше жыл зорлаған

Qaz365.kz редакциясы

Күдіктіге қатысты қазір тергеу амалдары жүріп жатыр

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Түркістан облысында қоғамды есеңгіреткен ауыр қылмыс әшкереленді. Апалы-сіңлілі екі кәмелетке толмаған қызды өгей әкесі шамамен 4,5 жыл бойы зорлап келген. 

Qaz365.kz редакциясы жәбірленуші тарапқа хабарласып, істің мән-жайын анықтады.  

Небәрі 6 және 8 жастағы балалардың көрген қорлығы бір ай бұрын ғана белгілі болған. Содан бері жәбірленуші тарап құқық қорғау органдарына қайта-қайта жүгінуге мәжбүр. Отбасының айтуынша, арыз тіркелген уақыттан бері тергеу баяу жүріп жатыр. Іс бойынша тергеуші төрт рет ауысқан. Әр жолы бастан өткерген сұмдықты қайта баяндауға мәжбүр болған жәбірленушілер моральдық тұрғыдан әбден қажыған. Олар күдіктінің жауапкершіліктен жалтарып кетуінен қауіптенеді.

Фото: Qaz365.kz /  жәбірленуші қыз

Аты-жөнін жариялаудан бас тартқан жәбірленуші қыз бұл зұлматтың анасы екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін басталғанын айтады. Көз жасына ерік берген ол өгей әкенің үйде ересектер жоқ сәтті пайдаланып, екі қызды қатарынан қорлағанын жеткізді.

«Анам ол кезде перзентханада еді. 2015 жылғы сіңілімді туатын кезде. Сол 2015 жылы ауруханада болғанда басталды. Келген соң мамамның бір жағы істемей қалды. Бізде екі-ақ комната болған ол кезде. Қонақ бөлме, жатын бөлме және ас бөлмесі. Анам қонақ бөлмеде жататын кішкентай қызбен. Сосын бізді ас бөлмесіне апарып істейтін. Аузымызды жауып, тұншықтырып. Ол кезде шынымды айтсам түсінбедім қатты. 14 жасымда түсіне бастадым. Бізде мектепте жиналыс болған кезде түсінгенмін. Сол кезде қорықтым. Қатты қорықтым өз-өзімнен», — деді жәбірленуші қыз.

Жәбірленушілердің сөзінше, өгей әке шындықты айтқан жағдайда «аналарыңды өлтіремін» деп қорқытқан. Осы себепті апалы-сіңлілі ұзақ уақыт бойы ешкімге тіс жармаған. Тек соңғы кездері күдікті үйге келген сайын қашып кетуді әдетке айналдырған балалардың әрекеті жақындарының күдігін тудырып, ақыры шындық ашылған.

Фото: Qaz365.kz / Қыздаркүл Қыдырбекова

«Хайуанның тірлігінен артық тірлік ол. Екі кішкентай 6-8 жастағы қызды бір жерге жатқызып қойып, оларға бір-бірінің мүшелерін жалатқызып… өзінің денесін жалатқызып, ол хайуандықтан да артық тірлік. Арыз түсіргенде кәмелетке толмаған қызды зорлады деген шағым түсірген болатынмын. Оны бірден қабылдаған жоқ. Бірінші ұрып-соқтымен қабылдайық деп бас тартты. Сөйтті де 17-не түсірдік арызды. 18-экспертиза дайын болды. Зорланғаны туралы дәлел шығып қойды. Бірақ полиция қызметкерлері сол күні қолданған жоқ. Одан кейін үш күннен кейін екі қыздан сұрақ-жауап алды. Кейін жаңа жыл деді, мереке деді. Сонымен тоқтап қалды іс», — деді туысқан әпкелері Қыздаркүл Қыдырбекова күйініп.

Туыстарының айтуынша, 45 жастағы күдікті қыздарды зорлаумен қатар, оларды ыдыс-аяқпен ұрып, тепкілеген. Алайда қазіргі таңда полиция істі «дене жарақатын салу» бабы бойынша ғана тіркеп, күдіктіні екі айға қамаған. Жылдар бойы азғынмен бір шаңырақ астында өмір сүрген қыздардың анасы бұл жағдайдан бейхабар болғанын айтады. Ол күдіктіден тағы бес бала туған. Қазір отбасы өгей әкенің бостандыққа шықпай, өмір бойына сотталғанын талап етіп отыр.

Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

«ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықтың белгілерін дәлелдейтін жеткілікті деректердің бар екенін назарға ала отырып, ҚР ҚПК-нің 179, 187-баптарына сәйкес тергеу жүргізіледі. Мән-жайды анықтаймыз», — деді полиция басқармасы.

Еске сала кетсек, Qaz365.kz тілшілері бұған дейін Айыртау ауданындағы жетімдер мен көпбалалы аналардың күйі жайлы жазған еді. Қабырғасы көгеріп, сыз болған, ылғал иісі сіңген, төбесінен су сорғалаған үйде тұрып жатқандар «Еститін үкіметтің» көмегіне мұқтаж. Толығырақ материалымыздан оқыңыз.