Белгілі қоғам белсендісіне әйелін соққыға жықты деген айып тағылды

Qaz365.kz редакциясы

Ер адамның әйелін буындырып жатқан бейнежазбасы жұрттың жағасын ұстатты

Фото: Instagram / Арсен Шакуов

Әлеуметтік желілерде ер адамның әйелін соғып, «өлтіремін» деп қорқытқаны көрінетін бейнежазба тарап кетті. Кейін бұл кадрлардағы ер адам танымал қоғам қайраткері Арсен Шакуов екені анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бейнежазбада әйелін буындырып, «өлтіремін сені» деп жатқан ер адамды көруге болады. Бұл жайлы жұрт қызу талқылаған соң, Арсен Шакуов пен оның әйелі бейнеүндеу жариялап, жанжалдың болғанын растады. Дегенмен физикалық күш, ұрып-соғу видеода көрінбейтінін айтты. Оның сөзінше, күйеуі оның шамына тиетін сөздеріне күш көрсетіп наразылығын танытқан. 

Арсен Шакуов болса видеоны таратқан адамға қарсы сотқа арыз түсіргенін, бұл оның жеке өміріне қол сұғу екенін айтты.

«Біз өзімізді ақтамаймыз. Тек бәріне мынаны айтқымыз келеді: @kupol.press атты опасыз арна таратып жатқан видео менің әйелімді қорғау үшін емес, тек менің абыройыма нұқсан келтіру үшін жарияланған. Арна иесі шындықты біледі, егер шынымен көмек керек болса, неге бұл видеоны бұрын жарияламады? Айтылғандардың бәріне сенбеңіздер. Баршаға жақсылық тілеймін!
Видеода Арсен әйелінді қорқытты деп айтады. Сіздерге айтайын, бізге бұл жағдай күлкілі болды. Әйелім тіпті күлкісін әрең ұстады. Тағы да күлкілісі, өзгелердің жеке өмірін сөгіп жатқандар көп. Әсіресе, өз өмірі төмен деңгейде, қызғаншақ адамдар, мысалы Наталья сияқты. Біз сіздерге қарап күлеміз. Деңгейі төмен, қызғаншақ адамдар!» — деді Шакуов.

 Алматы қалалық полиция басқармасы тараптардың татуласқанын, істің жабылғанын айтты. 

 «Әлеуметтік желілерде өткен жылдың қаңтарында әйелге қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалған видео пайда болды. Сол кезде бұл жағдайға дереу шаралар қолданылды. Түрксіб аудандық полиция басқармасында оқиға тіркелді. Ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Істің материалдары арнайы ауданаралық сотта қаралды, онда тараптар татуласқан», — деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция басқармасы.

Арсен Шакуов — жол қауіпсіздігі бойынша көп мәселелерді қозғаған қоғам белсендісі. Ол жүргізушілер мәдениетін арттыру, жол апаттарын азайту жайлы мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ол бірнеше қоғамдық жобаны басқарады және жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында ұлттық және халықаралық сарапшы. Қазір Шакуов Қазақстанның Ұлттық сурдлимпиялық комитетінің вице-президенті және Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті.