«Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабы бойынша үстінен іс қозғалған жігіттің анасы ешқандай зорлықтың болмағанын айтты
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында болған 17 жастағы қызды алып қашу оқиғасы желіде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейбір ақпарат көздері қызға жыныстық зорлық көрсетілді деп көрсеткен. Алайда жігіттің анасының сөзінше, бұл ақпараттар шындыққа жанаспайды.
Qaz365.kz редакциясына хабарласқан жігіттің анасы Зүлфия Нұрғалиева оқиғаны баяндады.
Интернетте тарап кеткен бейнежазбаның бұған дейін жұрттың жағасын ұстатқанын айта кетейік. Бейнежазбада қызды әйелдердің көліктен алып шыққан сәті көрінеді. Қыз шыңғырып, қарсыласып жатыр. Бейнежазбада қызды әйелдер көліктен шығарады. Ал үстіне ақ түсті сырт киім киген ер адам қарсыласып жатқан қызды көтеріп үйге алып кіреді.
«Менің жасым 17-де. Шымкент қаласының тұрғынымын. Студентпін. Мені бұрын-соңды көрмеген ер азамат алып қашып кетті. Яғни, мені үш-төрт бала болып жолдың бойында көлікке тығып, белгісіз бағытқа жол тартты. Кейіннен ол кісілердің мақсатын білдім. Олар мені әйел қылып алмақ болған. Үйге кіргенімізде туысқандары, жеңешелері орамалдарын алып жүгіріп жүрді. Отшашу атып жүрді. Камераға түсіріп жүрген адамдар көп болды. Алып қашуды алдын ала жоспарлағандарын мен сол кезде түсіндім. Менің ата-анамның басқа жақта екенін ол кісілер біле тұра ол жайттардың барлығын жоспарлаған.Ол кісілер мені үйлеріне күштеп кіргізді. Үйге кіргеннен кейін менің телефонымды өз еріктерімен бермейтінін және өз еркіммен ол жаққа барғаным туралы қолхат жаздырып алмақшы болды. Оны жазбайтын болсаң, телефон бермейміз деп айтты. Қоқан-лоққы көрсетті. Олар біздің дәстүріміз осындай деп айтты. Мені жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде түсірді», — деді қыздың өзі.
Фото: Жігіттің анасы жіберді
Бұл жағдайды әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап, алып қашқандарды да, қарсы алып, орамал ұстап жүрген әйелдерді де жазаға тарту керек екенін айтысты. Ал жігіттің анасының сөзіне сенсек, жігіт пен қыз бір-бірін жақсы көріп, кездесіп жүрген. Ал алып қашу сәті тыныш өткен. Олар қуғыншыларды күтіп алып, 1,5 миллион теңге қалың малын төлеген.
«Шындықты ашқым келіп тұр. Ондай нәрсе болмаған. Зорлық-зомбылық деген ешқашан да болмаған. Қыздың өзінің келісімімен алып кеткен. Қыз бен жігіт өздері сөйлесіп жүрген. Тойда да билеген бейнежазбалары бар. Қыз бен жігіт болып жүргенде ешқандай компроматсыз ақшалай аударып, кездесіп жүрген кездері болған. Қас-кірпігін жасатып, үстіне киім алатын кездері сол жігіттен ақша алып отырған кездері бар», — деді қыздың анасы.
Фото: Жігіттің анасы жіберді
Жігіттің анасының айтуынша, қызды 6 қараша күні алып қашып келген. Алайда келін болып келген қыз желтоқсан айының басында үйден шығып кеткен. Жігіттің анасы алып қашып келген сәтте бәрі тыныш болғанын айтты.
«Қазақтың дәстүріменен келін келгеннен кейін қуғыншыларға 1,5 миллион теңге беріп, сәлемдемелерімізді бердік. Қыздан тілхатты жазып беріп жібердік. Содан қыздың үйіндегі құда-құдағилар күтіп алады. Әкесі ауруханада жатқан екен. Оған қоңырау шалып, қызы жайлы хабар берген кезде: «Болыпты, ақшаны алып қалыңыз. Хабаршыны жақсылап күтіп алыңыз» депті. Содан хабаршыны күтіп алып, жақсы хабармен келеді. Содан кейін бізге қарай қыздың екі әпшесін жіберді. «Қызды барып көріп келіңдер. Қыз көнбесе, алып келіңдер» деген сөз болған екен. Қыздың өзі келгеннен кейін қалып, ар жағында қуғыншыны күткен. Қазақтың дәстүрімен қонақты күтіп, тамағымызды беріп, әжесінің, әкесінің рұқсатымен беташарды үлкен той қылып өткіздік», — деді жігіттің анасы.
Фото: Жігіттің анасы жіберді
Qaz365.kz редакциясы осы мәселе бойынша қыздың адвокатына хабарласқан болатын. Алайда тергеу құпиясына байланысты адвокат жауап беруден бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы («Некеге тұруға мәжбүрлеу») бойынша қылмыстық іс қозғады.