20 жыл бұрын пойыздағы қызға тиіспек болғанын айтқан жайдарманшы сынның астында қалды

Qaz365.kz редакциясы

Әлеуметтік желі қолданушылары жайдарманшы Айбек Байназаровты сынап жатыр

Фото: Бейнеден кадр

Стендап-әзілкеш, жайдарманшы Дархан Оспановтың Youtube-арнасына шығатын «Шәй әңгіме» подкасының 51-шығарылымына бұрын елге аты мәлім болған «Көз тимесін» тобының мүшелері Айбек Байназаров, Дәнекер Оразбаев, Ерлан Айтбаев және актриса Гүлбахрам қонақ боп келді. Айбек Байназанов сөз сөйлеп отырып, жас кезінде пойыздағы бейтаныс қызға қалай тиіспек болғанын баяндап берді. Жұрт оның дәл осы әңгімесін қызу талқылап, сөгіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жұрт арасында бұл әрекетті сынап, пікір жазғандар көбейген соң, Дархан Оспанов бұл шығарылымды Youtube-арнасынан алып тастады. Дегенмен дәл сол сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желілерді шарлап жүр. Ол пойызда ішіп алғанын, содан қасындағы қыздың әдемі екенін байқаған.

«Бір күні пойызда келе жатырмын, сөйтсем купеде бір қыз отыр екен. Бастапқыда ешқандай арам ойым болмады, бірақ әдемі екен деп ойладым. Заттардың бәрін жайғастырып, досыммен мейрамханаға барып ішімдік іштік. Купеге келдім, екінші қабатына көтеріліп жаттым да, жаңағы қызға қарасам, айдың жарығымен «алма» болып жатыр екен. Жарты сағат бойы қарап тұрдым. Неше түрлі ой кетті. Кейіннен оған қарай түсіп, мойнына жақындаған кезде «болмайды» деген дауыс шықты. Бірден төсегіме жатып ұйықтап кеттім. Ол да мені ұнатқан шығар, мүмкін қабылдап қалады деген ойым болды», — деді Байназаров.

Бұл қысқа ғана оқиғаны баяндаған сәті желілерде таралып, елдің ызасын туғызды. Кейін желіде Байназаровтың өзі оқиғаға өкінетінін айтып, қыздардың бәрінен кешірім сұрайтынын айтты.

«Шәй әңгіме подкастында айтқан әңгіме жайлы айтсам деп едім. 20 жыл бұрын осы әрекетке барғаным үшін қатты өкінемін. Мұндайды енді қайталамауға, түзелуге уақытымды арнадым. Соны күлкі қылып, әзілге айналдырғаным үшін де өкініп отырмын. Мұндайға жігіттердің баратынын, қыздардың қатты қорқатынын білемін. Енді осындай ұятсыз әрекеттерге қарсы насихаттаймын. Қыздардың сезімін, жан айқайын құнсыздандырмауымыз керек! Барша қыздардан басымды иіп кешірім сұраймын!», — деді Байназаров.

Жұрттың осы іске қатысты жариялап жатқан пікірлері әлі де саябырламай тұр.

 «Мынау не әңгіме өзі? Қыздардың ішінде қол жүгіртпек болғандарды сезінбегені кемде-кем шығар! Бөгде бір ер адамның саған аш көзқараспен қарағанын байқаған сәттен-ақ өзіңді бірден кір сезінесің, барып жуынғың келіп кетеді. Бұл сезім ұзақ уақыт бойы есіңнен кетпей, жиіркеніш пен ашу тудырады. Ал нақты әрекетке баруы сұмдық қой! Кейбір қыздар қорыққанынан сөйлей де, қозғала да алмай қалады. Ол қыз «жоқ», демесе не болмақ еді? Қанша уақыт бойы қыздың ішінде өксік, ашу, ыза, өз-өзіңнен жиіркену сақталады. Мұның бәріне не себеп? Мас ер адамның бес минуттық нәпсісі ғана», — деді Ерке Әбіл есімді желі қолданушысы.

«Көз тимесін» командасының мүшелері бірлесіп осы «Көз тимесін» деген фильм түсіріп, жарыққа шығарғалы жатыр. Хейт тек Айбек Байназаровтың сөзіне қатысты емес, жайдарманшы Нұрсұлтан Жақсыгеннің фильмнің тұсаукесеріне шақырту қағазын салуы да дау туғызды. Нұрсұлтан Жақсыген бұған дейін ажырасқан әйеліне дөрекі, қорлайтын сөздер айтып, желі қолданушылары оған бойкот жариялаған болатын. 

Фильмнің маркетинг жағына жауап беретін Зарина Мүслім осы жағдайға байланысты пікір жазды.

«Фильмінің маркетингі мен промосына жауапты адам ретінде ресми түрде мәлімдеймін: Нұрсұлтан Жақсыген мен бекіткен тізімде болған жоқ.  Менің ескі веткаларымды көрсеңіздер, оған деген позициямды білесіздер! Мен де, киноның командасы да оны ешқашан қолдаған емес. Айбекке қатысты: әсірелемей, как оно есть айтайын, дәл қазір ол өкініп отыр. Не істейін, айтыңыздаршы. Шын сұрағым! Әйелдің артына тығылды демеңіздерші тек, жауапты мен болғасын, жазып отырмын», — деді Зарина Мүслім.

Еске сала кетсек, бұған дейін Әлия Әлібекова өзін степдап-әзілкеш Саясат Аяпбергеннің зорламақ болғанын мәлімдеген еді.