Қарағандыда Серік Сәпиевке жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қарағанды қаласында Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев кеңсесіндегі жанжал кезінде жарақат алды.  Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға 21 қаңтар күні қалада Сәпиевтің кеңсесінде болған. Екі азамат арасындағы жанжал төбелеске ұласып, салдарынан бір адам жарақат алған. Бейресми ақпаратқа сәйкес, Сәпиевтің орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионы Дәурен Есімханов жанжалдасқан. Бейнежазбада ер адамның оның кеңсесіне кіргені, екеуінің жанжалдасып жатқаны, жұдырықтасқаны көрінеді. Сәпиев наразы болып кеңсесінен шығып кетеді, ал орынбасары есікті жауып алады. 

Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалып, жарақаттың сипаты мен ауырлығы анықталып жатыр. Сараптама қорытындысы бойынша істің құқықтық бағасы беріледі.

Жанжалдың нақты себептері әлі жария етілмеген. Құқық қорғау органдары барлық мән-жайды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. 

«Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде соққыға жығу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт нысандарының бірінде екі ер адам арасында жанжал болғаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», — деп мәлімдеді Қарағанды облысының полиция департаменті.

Ал облыс әкімдігінің хабарлауынша, басқарма өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатыр.

«Спорт басқармасы басшылығы арасында орын алған оқиға жайлы ақпарат тарағандықтан хабарлаймыз: басқарма өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама мен тергеу нәтижесіне сәйкес тиісті заңнамаға сай шаралар қабылданады», — деп мәлімдеді Қарағанды облысының әкімдігі.

Серік Сәпиев —  боксшы, Олимпиада чемпионы (Пекин-2008, Лондон-2012), әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері. Қазір Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып отыр.