Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болған
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен болған соңғы даулы жағдайдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Олимпиада чемпионы ең алдымен қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Халықтың қолдауы – мен үшін ең үлкен құндылық. Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Осы орайда ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды. Барлықтарыңызға рақмет! Қазақтың күші – бірлікте!» — деді ол.
Сәпиевті орынбасары ұрып кеткенін бұған дейін БАҚ жазған еді. Тараған ақпараттарға қарағанда, ол орынбасарымен төбелескен.