Оқыс оқиға әуе кемесінің қону сәтінде тіркелген
Алматыдан шыққан FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қону барысында құстармен соқтығысқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Авиакомпанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 24 қаңтар күні FS7167 рейсін орындау кезінде, Алматы – Орал бағыты бойынша ұшып келген әуе кемесінің қону сәтінде тіркелген.
Ұшақ Орал әуежайына сәтті қонғаннан кейін, әуе кемесі мен оның негізгі тораптарын толық тексеру мақсатында Астана қаласынан инженерлік-техникалық мамандар жіберілген.
«Барлық тексеру шаралары аяқталған соң ұшақ ұшуға жарамды деп танылды. 25 қаңтар күні сағат 01:17-де әуе кемесі Орал – Алматы бағыты бойынша қайта ұшты. Рейс кешіккен жолаушыларға ыстық сусындар мен тамақ ұсынылды, сондай-ақ сұраныс бойынша 33 жолаушы қонақүйге орналастырылды», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
FlyArystan өкілдері барлық іс-шаралар авиациялық қауіпсіздік пен техникалық пайдалану талаптарына қатаң сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Компания жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әрдайым басты басымдық екенін, ал құстармен соқтығысу тасымалдаушыға тәуелсіз сыртқы факторларға жататынын мәлімдеді.