Семейде зейнеткер полиция қызметкерлеріне тиесілі екі көлікті өртеп жіберді

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Семей қаласында полиция қызметкерлеріне тиесілі екі автокөлікті әдейі өртеді деген күдікпен 66 жастағы қала тұрғыны қолға түсті. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметті облыстық полиция департаменті ресми түрде растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға 25 қаңтар күні кешкі уақытта тіркелген. Өрт салдарынан Chevrolet Cobalt пен Changan маркалы екі жеңіл көлік толықтай жанып кеткен. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті оқиға кезінде мас күйде болған.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Төтенше жағдайлар қызметінің дерегіне сәйкес, автокөліктер көше бойында тұрған. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін жалын сөндірілген. Ешкім зардап шеккен жоқ.