Шымкентте балабақша тәрбиешісі балаларға қатыгездік көрсеткен деген күдікке ілікті. Бұған жатын бөлмесінен түсірілген бейнежазба себеп болды. Кадрлардан тәрбиешінің бүлдіршіндерді ұйқыға жатқызу кезінде шприцпен укол саламын деп қорқытқаны көрінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға мемлекеттік №59 «Айша» бөбекжай-балабақшасының мектепалды тобында болғаны анықталды. Бұл деректі Шымкент қаласының білім басқармасы растады. Басқарма өкілдері тәрбиешінің әрекетін «жол беруге болмайтын жағдай» деп бағалады.
Ата-аналардың шағымынан кейін полиция, прокуратура, білім және денсаулық сақтау салаларының өкілдері қатысқан шұғыл кеңес өткізілді. Шымкент қалалық полиция департаменті тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Жиын қорытындысы бойынша білім басқармасына балабақша меңгерушісін қызметінен шеттету, ал тәрбиешіні жұмыстан босату жөнінде ұсыныс берілді. Оқиғаға құқық қорғау органдарының процессуалдық бағасы алдағы тергеу нәтижесінде айқындалмақ.