Жаңаөзенде аурухананың ішінде дәрігерді өлтіріп кетті

Qaz365.kz редакциясы
Александр Гальперин / «Петербургский дневник»

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қалалық ауруханасында ер адам дәрігер-терапевтке пышақпен шабуыл жасап, салдарынан медицина қызметкері көз жұмды. Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен полицияға берілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қайғылы жағдай туралы журналист әрі қоғам белсендісі Айсұлу Дүтбаева хабарлады. Оның мәліметінше, шабуыл 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған. Әріптестері дәрігердің өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, аман алып қалу мүмкін болмаған.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиға салдарынан 29 жастағы ер адамның қаза тапқанын растады. Ведомствоның алдын ала дерегіне сәйкес, қақтығыс ер адамдар арасында отбасылық-тұрмыстық негізде туындаған.

«Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған әрекетін мойындады», – деп хабарлады департамент өкілдері.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.