Сабақта жазаланған студент ауруханаға түсті: Атырауда мұғалімнің үстінен іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы

Романның сөзінше, мұғалім басқа студенттерді де солай жазалаған

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Атырауда Энергетика және құрылыс колледжінде ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімге 16 жастағы студентке жаза қолданғаны үшін полицияға арыз түсті. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz ATYRAU TODAY сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 30 қаңтар күні болған. Студенттің айтуынша, Роман Худин ағылшын тілі сабағына алты минут кешігіп келген. Мұғалім Арайлым Ізбасарова жаза ретінде 100 рет жерден денесін көтеріп жаттығу жасауды талап еткен. Жасөспірім тек 70 рет жасай алған.
Сабақтан кейін үйіне келген Романның жағдайы нашарлап, туыстары шұғыл медициналық көмек шақырған. Дәрігерлер оның қан қысымының 150/80 екенін анықтап, оны ауруханаға жатқызған. Дәрігерлер 72 сағат бойы жүрек соғысы мен қан қысымын үздіксіз бақылаған.

Студенттің анасы полицияға арыз түсіріп, денсаулығына зиян келтіргені үшін қылмыстық іс қозғауды талап етті. Сонымен қатар шағым Атырау облысының білім басқармасының басшысы Марат Әбуовқа да жолданған.

Романның сөзінше, мұғалім басқа студенттерді де солай жазалаған. Олар дәл ағылшын тілі сабақтарында ғана осындай жаза алған. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Кейбір қолданушылар мұндай әдісті тәртіпке баулу деп қараса, басқалары, әсіресе кәмелетке толмағандарға және білім беру мекемелерінде мұндай жаза қолдануды мүлде дұрыс деп санамайды.

Атырау облысы білім басқармасы хабарлағандай, қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша мұғалім кәсіби этика нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Колледж әкімшілігі жағдайды сотқа дейінгі тәртіппен шешуді ұсынғанымен, студенттің заңды өкілі оқиғаға құқықтық баға беруді талап етті.

Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.