«3 ай бұрын шай төгіп алғаны үшін»: Ақтаудағы кафеде соққыға жығылған бойжеткен оқиғаның мән-жайын айтып берді

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр/ stan.kz

Ақтауда 24 жастағы қала тұрғыны кафелердің бірінде күзетшілердің соққысына ұшырағанын айтып, құқық қорғау органдарына арызданды. Жәбірленуші Жансая Есенгелдиеваның айтуынша, оқиға 31 желтоқсан күні 17-шағын ауданда орналасқан LEMONADE кафесінде болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Жансая Есенгелдиеваның айтуынша, ол құрбысымен кафеге келген сәтте мекеме басшысы үш ай бұрын болған жағдайды алға тартып, ақша талап еткен.

«Үш ай бұрын дәл осы жерде шай төгіп алғансың, диванды жудырдық, 14 мың теңге төле» деді. Мен төлеуден бас тартқан жоқпын, тек ағам келгенше күте тұруын сұрадым», – дейді Жансая.

Алайда бойжеткеннің сөзінше, осыдан кейін күзетшілер іске араласқан.

«Күзетші келіп, қолымнан телефонымды тартып алды. Қайтаруын сұрағанда боқтық сөздер айтып, итеріп жіберді. Кейін ұрып, шашымнан сүйреп есікке қарай шығарды. Құлап жатқанымда аяқ киімім де, сырт киімім де іште қалды», – дейді ол.

Жансаяның айтуынша, кафеде сол сәтте шамамен 30-ға жуық адам болғанымен, ешкім араша түспеген.

«Жартылай жалаңаш күйде сүйреп шығарды. Бұл мен үшін ауыр қорлық болды», – дейді жәбірленуші.

Қыз өтіп бара жатқан адамнан телефон сұрап, полиция шақырған. Құқық қорғау органдары келген соң оның телефоны мен жеке заттары қайтарылған. Кейін ол арыз жазып, медициналық сараптамадан өткен.

«Басымнан соққы алып, гематома болды. Бір апта бойы тамшы алып, емделдім», – дейді ол.

Ал Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық істің сотқа жолданғанын растады.

«Кафе басқарушысы мен келуші әйел арасында ауызша жанжал шығып, ол физикалық қақтығысқа ұласқан. Екі тарап та дене жарақатын алған. Қылмыстық істер сотқа жолданды», – деп хабарлады полиция.

Жансая істің әділ тергелуін сұрап, Бас прокуратураға жүгінетінін айтты.