Жаңа Конституция жайлы пікір айтқан журналистердің үйіне полиция келді

Qaz365.kz редакциясы

Жаңа Конституциядағы тіл мәселесін қоғам қызу талқылап жатыр

Коллаж: Qaz365.kz

Жаңа конституция жайлы пікір айтқан журналист Дина Елгезек пен Жалғас Ертайдың үйлеріне полиция келді, деп хабарлайды Qaz365kz.

Журналист Дина Елгезек жаңа Конституцияны талқылауға толық қақы бар екенін айтты. 

«Үйге полиция келді. «Түсіндірме жұмысы» дейді мыс. Мен, Дина Елгезек, Қазақстан азаматы ретінде Конституцияны талқылауға толық қақым бар.
Тілімді қорғау — Отаным алдындағы перзенттік парызым! Тағы айтамын, Конституциядағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды сұраймын!», — деп жазды Дина Елгезек.

Ал Жалғас Ертайдан полиция «желідегі жаңа Конституцияға қатысты жазбасын өшіруді талап еткен. Жалғас Ертай полицияның бұл талабынан бас тартқан. Ол «Азаттық» радиосына берген сұхбатында осы жағдай жайлы айтты. Әлеуметтік желілерде жобадағы 9-баптағы 2-тармақты алып тастауды немесе өзгертуді талап етіп жатқандардың қарасы көп. Онда қазақ тілімен қатар орыс тілінің тең дәрежеде қолданылатыны жазылған.

Журналист Әсем Жәпішева да полицияның хабарласқанын айтты.

«Бізге де полиция хабарласты, конституциядан орыс тілін алып тастау бойынша «9 бап» бастамашыл тобы құрылғаны туралы видеоны өшіріңдер деп жатыр. 
Нақты қандай заң бұзылғаны түсініксіз, ресми ештеңе айтылмады, полиция емес, бандиттер сияқты қорқытып, қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Өшірмейміз, әрине. 
Топ құрамында заңгер Молдахан Әділетхан, айтыскер Бекжан Базарбек, саясаттанушы Дос Көшім, заңгер Мейірман Қалмаханұлы бар», — деп жазды Әсем Жәпішева.

Еске сала кетсек, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Парламент қабырғасында мемлекеттік тіл үшін ең көп күрес жүргізген депутаттардың бірі екенін мәлімдеген еді.