«Шашын жұлып, басынан тепкен»: Ақмола облысында екі қыз бойжеткенді соққыға жыққан

Qaz365.kz редакциясы

Жаңадан алған қымбат телефонын тартып алмақ болған

Depositphotos.com

Ақмола облысында екі бойжеткен қатарласын жабылып сабаған. Ол аздай жәбірленушінің соққыға жығылғанын видеоға түсіріп, желіге жүктеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл оқиға Степногорск қаласында болған. Жазбадан жан дауысы шыққан қыздың құрбылары оның шашын жұлып, басынан тепкен. Жаңадан алған қымбат телефонын тартып алмақ болған. Бет-ауызы қан-жоса болған жасөспірім айқайлап көмек сұрайды. Бұзық қыздар үнін өшіру үшін тағы төпелей түседі.

Анықталғандай, видео былтыр мамыр айында түсірілген екен. Полиция ешкімнен арыз түспегенін жеткізді. Дегенмен мән-жайды анықтап, тексеру жүргіземіз. Кінәлілер тиісті жазасын алады деп отыр.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның қатысушылары – бір-бірімен таныс үш қыз анықталды. Жәбірленуші дене жарақатын келтіру фактісі бойынша арыз жазудан бас тартты. Жанжалға қатысушыларға шағымы жоқ. Сонымен қатар қинау фактісі бойынша іс қозғалды. Тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады», – деді Ақмола облыстық департаментінің аға инспекторы Алмагүл Түрсымбаева.