Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Семей қаласында қоқыс жәшігінен жаңа туған нәрестенің мәйіті табылды. Бұл ақпаратты Абай облысы полиция департаменті растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Құқық қорғау органдарына хабар 3 ақпан күні түскен. Сәби мәйіті тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерден табылған, ол сүлгіге оралған күйде табылған.
Тексеру барысында полиция баланың болжамды анасын анықтады. Ол – қаланың 20 жастағы тұрғыны. Тергеу деректеріне сәйкес, босану үй жағдайында өткен.
Полицияның мәліметінше, 20 жастағы қыз босанғанын мойындаған. Оның айтуынша, сәби дүниеге тірі келмеген.
«Үйде босанған 20 жастағы қыз анықталды. Оның айтуынша, сәби тірі тумаған. Сондай-ақ тергеу барысында жаңа туған баланың мәйітін қоқыс контейнеріне тастаған қала тұрғыны да анықталды», – деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәрестенің мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысына қарай құқық қорғау органдары тиісті процессуалдық шешім қабылдап, оқиғаға қатысы бар барлық адамдардың әрекетіне құқықтық баға береді.
Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.