Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды

Qaz365.kz редакциясы

Әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресей Федерациясының аумағына 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Бұл туралы РИА Новости жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Агенттік мәліметінше, мұндай шешім Ресейдің ұлттық қауіпсіздік мүддесіне байланысты қабылданған. Шектеу 30 қаңтардан бастап күшіне енген.

Baza, SHOT және Mash Telegram-арналары таратқан ақпаратқа сәйкес, Сабуров 6 ақпанға қараған түні Біріккен Араб Әмірліктерінен Мәскеуге ұшып келген. внуково әуежайында төлқұжаттық бақылау кезінде оған Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжат табысталып, ел аумағына кіргізілмеген.

SHOT дерегінше, бұл шектеу бұған дейін тіркелген көші-қон талаптарының бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. 2025 жылғы мамырда Нұрлан Сабуров Шереметьово әуежайында Ресейде рұқсат етілген мерзімнен артық жүргені үшін ұсталған. Сот оған 5 мың рубль айыппұл салып, екі апта ішінде елден өз еркімен кетуді міндеттеген.

Сонымен қатар, осы жағдайдан кейін әзілкештің Ресейдің бірқатар қаласында жоспарланған концерттері өтпей қалған. Атап айтқанда, Екатеринбург, Омбы, Нижний Тагил, Қорған, Рязань және Обнинск қалаларындағы шаралар тоқтатылған.

БАҚ деректеріне сүйенсек, Сабуровтың Ресей аумағында шамамен 160 млн рубльге бағаланатын мүлкі қалған. Сондай-ақ бұған дейін ол Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысын ашық сынға алғаны хабарланған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан азаматы Нұрлан Сабуров немесе оның заңды өкілдері Ресейдегі Қазақстан Елшілігіне жүгінбеген, сондай-ақ оның ұсталғаны жөнінде Ресей Федерациясының құзырлы органдарынан ресми ақпарат түспеген.

Қазіргі уақытта Нұрлан Сабуров бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.