Нұрлан Сабуров Ресейге кіруге салынған тыйымға қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуров Ресейге кіруге қойылған тыйымға байланысты алғаш рет пікір білдірді. Ол бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сабуров қалыптасқан жағдайға қатысты нақты түсініктеме бермейтінін айтып, іспен заңгерлер айналысатынын жеткізді.

«Қазір пікір білдірмеймін, бұл мәселемен заңгерлер өз деңгейінде құзырлы органдармен жұмыс істейді. Уақыт бәрін өз орнына қояды», – деп жазды ол.

Сонымен қатар әзілкеш Ресейдегі шығармашылық жолына тоқталды. Оның айтуынша, стендап-комик ретіндегі жолы шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталып, кейін Мәскеуде жалғасқан.

«Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қаласында болдым, кейбіріне бірнеше рет бардым. Барлық жерде мені жылы әрі достық пейілмен қарсы алды. Маған шығармашылық тұрғыда дамуға мүмкіндік берген, әртіс ретінде қалыптастырған елге алғысым шексіз. Ресейде де, оның сыртында да көпұлтты үлкен аудитория таптым. Рахмет», – деп жазды Сабуров.

Сондай-ақ ол журналистерге, блогерлерге және бұқаралық ақпарат құралдарына отбасына қатысты жеке өмірге құрметпен қарауды өтінді.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Сабуровқа Ресей Федерациясына 50 жылға, яғни 2076 жылға дейін кіруге тыйым салынғаны хабарланған болатын. РИА Новости мәліметінше, бұл шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесіне» байланысты қабылданған.

Ресейлік БАҚ дерегінше, әзілкеш Дубайдан Мәскеудің Внуково әуежайына ұшып келген сәтінде шекарадан өте алмай, елге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжат алған. Тыйым салуға оның бұған дейінгі көші-қон талаптарын бұзуы мен қаржылық операцияларына қатысты күдіктер себеп болуы мүмкін екені айтылуда.

Қазіргі уақытта Сабуровтың Ресей аумағындағы мүлкінің тағдыры белгісіз.