Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өңірлік спорт басқармасы басшысы қызметінен кетуіне және оның айналасындағы дауға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін аймақ басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tiek.kz-ке сілтеме жасап.
Қоғамда Серік Сәпиевтің бұл лауазымға келуіне қатысты жауапкершілік мәселесі қызу талқыланған болатын. Әкім бұл мәселеде бір ғана тарапты кінәлау дұрыс емес екенін атап өтті.
«Жауапкершілік екі жақта да (министрлікте де, әкімдікте де) бар. Бұл әр салада болатын жағдай. Көбіне адамның өзіне де байланысты», — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, әкім Сәпиевтің тағайындалуы заңға толық сәйкес болғанын және оның барлық біліктілік талаптарына сай келгенін жеткізді. Чемпионның шенеунік ретіндегі қызметіне «өз біліктілігі деңгейінде жұмыс істеді» деген баға берді.
Басқарма басшысы мен оның орынбасары арасындағы туындаған кикілжің мен төбелес туралы сұраққа аймақ басшысы кесіп жауап берді. Ол мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметшіге жараспайтынын меңзеп, «Дұрыс емес» деп қысқа қайырды.
Әкімнің айтуынша, бұл оқиғадан кейін спорт саласына арнайы тексеріс жүргізілмеген. Билік өкілдері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің шығарған шешімін негізге алған.