Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Назарбаева 2025 жылғы сәуір айында ауқымды миокард инфарктін өткерген. Бұл туралы тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметке сәйкес, Сара Алпысқызы 2025 жылдың сәуірінен бастап Алматыдағы Президент іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдаған. Дәрігерлер оған жүректің ишемиялық ауруы, жүрек пен өкпе жеткіліксіздігі диагнозын қойған. Бұл сырқаттар ұзаққа созылған ауыр қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында асқынған.
Инфаркттан кейін науқас біраз уақыт жасанды тыныс алдыру және жасанды бүйрек аппаратына қосылған.
2026 жылғы қаңтарда Сара Назарбаева ауруханадан шығарылған. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауымен үй жағдайында ем қабылдап жатыр.
Мамандардың түсіндіруінше, ауқымды миокард инфаркті – жүрек бұлшықетінің ірі артерия бітелуінен едәуір бөлігі жансызданатын аса ауыр жүрек талмасы.