ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аутизм диагнозы бар қызметкер Әлібек Қаратайдың құқықтарының бұзылуына қатысты жағдайды өз бақылауына алды. Министрлік өкілдері зардап шеккен тараппен кездесіп, тиісті шаралар қабылдап жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрліктің мәліметінше, Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне арнайы барып, жағдайды зерттеген. Сонымен қатар, жұмысшының әкесімен телефон арқылы сөйлесіп, төмендегі мәселелер бойынша түсініктеме берді:
Ресми шағым түсіру тетіктері;
Еңбек заңнамасында қарастырылған кепілдіктер мен құқықтар.
Жұмыс беруші тараптан (Burger King желісіне иелік ететін «QSR» ЖШС) алынған мәліметке сәйкес, компания ішінде қызметтік тексеру басталған.
«Ұйымда қызметтік тексеру жүргізілуде, оның аясында тексеру кезеңіне басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды», — делінген Министрлік хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Әлібек Қаратайдың анасы Жанат Қаратай әлеуметтік желіде үндеу жасап, жаңа аймақтық басшының ұлына қысым көрсетіп, оны жұмыстан шығаруға мәжбүрлегенін айтқан болатын. Оның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар қызметкер төрт жыл бойы мінсіз жұмыс істеп келген.
Еңбек министрлігі алдағы уақытта тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.