Түркістан облысында отыз шақты адам 20 жасар жігітті өлімші етіп сабаған: ата-анасы ұлына тағы да қастандық жасай ма деп қорқады

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж Qaz365.kz

Түркістан облысы Сайрам ауданында жиырмадан астам жігіт 20 жастағы Ақбаржан есімді азаматты айдалаға апарып, топтасып ұрып-соққан. Жәбірленушінің туыстары шабуылдаушылардың оны ес-түссіз жатса да аяусыз қинағанын айтып, жағасын ұстап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жәбірленушінің туысы Мамадкәрім Ниязтаевтың айтуынша, бәрі күндіз көкпар алаңындағы кикілжіңнен басталған. Азиз есімді бала Ақбаржанды кешкі сағат 21:00-де мектеп алдына «сөйлесуге» шақырған. Алайда ол жерде 25-30 шақты адам жиналып, жігітті жалғыз қалдырып, жабылып ұрған.

Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушылар Ақбаржанның басынан кезек-кезек секіріп, денесі құрысқанша тепкілеген. Жәбірленушінің әкесі Шавкат Усмановтың сөзіне қарағанда, жігіттердің қолында пышақ, тапанша және кастет болған.

Соққыға жығылған жігіт бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлер оның басынан ауыр жарақат алғанын және есін әлі толық жимағанын айтады.

«Үш науқас медициналық көмекке жүгінді. Біреуінің жағдайы өте ауыр болып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қалған екі досының мұрны сынып, миы шайқалған», — деді Сайрам аудандық ауруханасының дәрігері Фарух Шадиев.

Түркістан облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда күдікке ілінген екі адам ғана ұсталып, олардың өзі сот шешімімен үйқамаққа жіберілген.

Бұл шешім жәбірленушінің ата-анасын қатты алаңдатып отыр. Олар күдіктілер бостандықта жүргенде ауруханада жатқан ұлына тағы да қастандық жасай ма деп қорқады. Қазір туыстары аурухана маңын күзетуге мәжбүр. Тәртіп сақшылары тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатынын айтып сендірді.