«Алғыс айтудың орнына қудалады»: Жетімдерге қол ұшып беріп жүрген белсенді жарты жылдан бері үйқамақта отыр

Qaz365.kz редакциясы

«Жанұя» басшылығы мен белсенді Айжан Мамешованың арасындағы сот ісі

Коллаж: Qaz365.kz / Бейнеден кадр

Белсенді Айжан Мамешованың «Жанұя» балалар үйіндегі жағдайлар жайлы айтқан соң ұсталып, үйқамақта отырғанына жарты жыл болды.Тергеу нұсқасы бойынша, Айжан Мамешова Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 1,3-тармақтары бойынша айыпталып отыр. Оған «көрінеу жалған ақпарат таратып, ұйымның заңды мүддесіне елеулі зиян келтірді» деген айып тағылған. Бұл әрекет байланыс желілері арқылы, алдын ала келісіммен сол жерде істейтін тәлімгер-ұстаздармен бірге жасалғаны көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін Qaz365.kz редакциясы елдегі жетімдер мен көпбалалы аналардың жағдайы жайлы мақала жариялаған еді. Қорғансыз қалған балалардың есейгеннен кейін үй кезегінде тұрып, баспанасыз сабылып жүретіні тағы бар. Қоғамның ең осал тобына қол ұшын беріп, мәселесін көтеріп жүрген Айжан Мамешоваға қарсы іс қозғалды. Бұған дейін балалар үйінен шыққан Александра Камышева, Сергей Миленький осы мәселеге байланысты сөз сөйледі. Сергей Миленький Айжанның 2023 жылдан бері оның құқығын қорғап келе жатқанын айтып, оған қатысты қозғалған істі негізсіз деп санайтынын баяндаған еді. Ол Айжанның жетімдердің құқығын қорғап жүрген адам екенін және оның құқықтық көмегіне мұқтаж балалардың әлі де бар екенін айтты. Ал жаңадан келген Марина Даулетбекова өзінің қызметке келген сәтінен бастап ешқандай заңсыздықтың болмағанын айтады. 

Айыптау құжатына зер салсақ, 2025 жылғы 12 сәуірде және 29 сәуірде Айжан Мамешова басқа тұлғалармен бірге Алматыдағы «Жанұя» мамандандырылған кешеніне қатысты бейнероликтер түсіріп, оны Facebook парақшасында жариялаған.

Сол видеоларда:

  • балалар үйінің тәрбиеленушілерінің баспанасы заңсыз алынғаны,
  • мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақысы берілмегені,
  • жетімдердің пәтерлеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасалғаны,
  • кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық фактісі болғаны,
  • бұл істер бойынша полиция мен прокуратура тиісті шара қолданбағаны,
  • білім беру жүйесінде жемқорлық пен заңбұзушылық бар екені айтылған.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов бұл жағдайлардың бәрі құжат жүзінде, сот шешімдерімен және құзырлы органдардың дерегімен расталған ақпарат екенін айтты. Іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «Жанұя» мамандандырылған кешені танылған. Олардың пікірінше, жарияланған материалдар «Жанұя» мекемесінің беделіне нұқсан келтіріп, құқық қорғау органдары мен білім басқармасына деген сенімді әлсіретуі мүмкін.

«Айжан ресми құжаттарды алған соң Конституциядағы міндетін орындап, заңды орнатуға тырысты, ал оны заң бұзушы деп танығысы келеді. Бұл іс адам құқығын бұзу мен жемқорлықты көрсетеді. Айжан Мамешова алты жыл бойы заңсыздықтарды әшкерелеп, балалардың құқығын қорғады. Қазір ол үйқамақта, іс Медеу аудандық сотында. «Жалған ақпарат тарату» деген айып тағылған, бірақ оның сөзін растайтын құжаттар бар. Керісінше, анықталған заңбұзушылықтар бойынша оларды қудалау керек еді», — деді Ғалым Нұрпейісов.

Qaz365.kz редакциясына берген сұхбатында оның анасы қызының құжаттар мен тәлімгерлердің мәлімдемесіне сүйенгенін айтты. Ол Дузимжан Исагулова Айжанның жастайынан әділетсіздікке төзбейтін, қорғансыз қалғандарға жаны ауырып, көмектесуге ұмтылатын мейірімді жан екенін айтты. Анасының сөзінше, қоғамдағы әділетсіздік пен шенеуніктердің салғырттығы қызының қоғамдық іспен айналысуына түрткі болған. Анасының сөзінше, Айжанды бұған дейін қорқытқан кездер де болған.

«Әділетсіздік, заңның дұрыс орындалмауы және кейбір шенеуніктердің тәкаппарлығы оны қоғам ісіне араласуға итермеледі. Халықтың мәселесіне жауап бермей, тек қағаз жүзінде қайтарылған жауаптар көбейді. Кейбір жағдайларда мәселені ашық айту қажет болды, өйткені қызымды қорқытып, қысым көрсеткен кездер де болды», — деді Дузимжан.

Анасы Айжан Мамешованың бұған дейін істеген қайырымды істерін айтып, оның заңсыздыққа әсте бармайтынын айтты.

«Айжан ондай заңсыз іске ешқашан бармас еді. Жетім балаларға 2023 жылдан бері сенімхат арқылы көмектесіп келеді. Оның мақсаты – тек көмек беру. Төрт жылдан бері ақысыз еңбек етіп жүр. Сенімхатта нақты көрсетілген: ол жетімдердің атынан ешқандай мүлік не ақша ала алмайды. Ол тек «Жанұя» орталығындағы балаларға емес, Бағанашылдағы және басқа да көмек сұраған жетімдерге көмектесті. Кейде жолақысына ақшасы болмай, үйіне жаяу қайтатын, өйткені ақшасын тамақ сұраған адамдарға беріп қоятын», — деді анасы. 

Ол бұл істі қолдан жасалған деп санайды.

«Менің ойымша, бұл іс қолдан жасалған. Адвокатының айтуынша, іс материалдарының өзінде Айжанның кінәсіз екенін дәлелдейтін жайттар бар. Тергеу барысында көптеген өрескел процессуалдық қателіктер кеткен. Мұндай істі сотқа қалай жібергенін түсіну қиын. Бұл істің әдейі ұйымдастырылғаны байқалады», — деді Айжанның анасы.

Анасы Айжан Мамешованы ұстаған сәт жайлы да айтты. Көршілері түсірген бейнежазбада полицейлердің оны күштеп ұстағаны көрінеді.

«Айжанды 2025 жылдың 3 қыркүйегінде баспасөз мәслихатына бара жатқан жерінен күш қолданып ұстады. Көршісінің телефонын тексеріп, түсірілген видеоны өшіруді талап еткен. Екінші видеода Айжан полиция қызметкерлері қолын бұрап, күш қолданғанын ашық көрсетеді. Кейін үйге келген соң, оны ұстаған қызметкерлер: «Егер сен сол баспасөз мәслихатына жетсең, біз жұмыстан айырылар едік» дегенін айтқан. Сол кездегі тергеуші қызметінен кеткен екен, генерал Заппаров та ауыстырылыпты.
Жылдар бойы прокуратура мен полиция әрекетсіз отырды, ал зардап шеккен менің жазықсыз қызым. Сыбайлас жемқорлықты әшкерелегені үшін жарты жылдан бері үйқамақта отыр. Алғыс айтудың орнына қудалады. Айжан айтқан барлық дерек ресми құжаттарға және тәлімгерлердің өздерінің өтініштері мен сұхбаттарында, баспасөз мәслихатында жариялаған сөздеріне негізделген. Басқа адамдардың айтқаны үшін Айжан жауап бермеуі тиіс», — деді анасы.

Дузимжан Исагулова Айжанның халықаралық қатынастардағы еңбегін атап өтті. Анасының сөзінше, Айжан Мамешова бұған дейін елге инвесторлар тартып, халықаралық жиындарда сөз сөйлеп жүрген.

«Айжан халықаралық грант арқылы Түркияда білім алған. Кеңесшілер мен елшіден ұсыныс хаттары бар. Түркия мен Солтүстік Кипр президенттерімен жеке кездескен. 2008 жылдан бері Қазақстанға көп инвесторды тартты. Оның ұсталуынан кейін ел тағы да инвесторларынан айырылды. Соңғы екі жыл бойы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми хаты негізінде медициналық білім беру саласындағы жобаларды шетелдік серіктестермен бірге жүзеге асырып келген еді. Соның бәрі тоқтап қалды. Жұмысынан тек Айжан ғана айырылған жоқ, ел де инвесторлардан айырылды. Ол халықаралық конференциялар мен форумдарда, ресми кездесулерде Қазақстан атынан делегат ретінде қатысып, ел намысын абыроймен қорғап жүрді. Қазір оған істеп отырғандары мынау...», — деді Айжанның анасы.

Qaz365.kz істің барысын ары қарай бақылап, тікелей ақпарат таратып отырады.