Burger King-тегі дау: Басшылар жұмыстан қуылды

Qaz365.kz редакциясы
depositphotos

Burger King мейрамханалар желісі аутизм диагнозы бар қызметкер Әлібек Қаратайдың жұмыстан кетуіне себепкер болған басқарушылар — Сергей мен Анастасияның қызметінен босатылғанын хабарлады. Бұл шешім компания жүргізген ішкі тексерістен кейін қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Компанияның ресми мәлімдемесіне сәйкес, аталған тұлғалар енді желі құрамында жұмыс істемейді. Ішкі тексеру Әлібектің анасы – Жанат Қаратайдың ұлына қысым көрсетілгені және оның мәжбүрлі түрде жұмыстан шығарылғаны туралы арызынан кейін басталған болатын.

«Біз кез келген дискриминация мен құрметсіздікке қарсымыз. Қызметкердің отбасымен диалог орнатуға дайынбыз», — делінген компания хабарламасында.

Бұл оқиға тек еңбек құқығының бұзылуымен ғана шектелген жоқ. Әлеуметтік желілерде мейрамхананың басқа да қызметкерлері ұжымдағы ауыр атмосфера туралы айта бастады.

Жұмыстан қуылған басшылардың (кейбір деректер бойынша Ресейден келген релоканттар) жұмыс чаттарында Қазақстан мен қазақтардың намысына тиетін балағат сөздер мен мемдер жариялағаны туралы ақпарат тарады.

Еңбек министрлігі мен компанияның ішкі бақылау қызметі бұл жағдайды әлі де зерттеп жатыр. Қазіргі таңда компания Әлібектің отбасымен байланыс орнатып, туындаған мәселені реттеуге тырысуда.

Бұған дейін Еңбек министрлігі бұл істі ерекше бақылауға алғанын хабарлаған болатын.