Абай облысындағы жантүршігерлік жол апаты: Төрт адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды

Qaz365.kz редакциясы
видеодан кадр

Абай облысында республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тасжолында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам қаза тапты. Тағы үш адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 19 ақпан күні сағат 15:25 шамасында болған. Тасжолдың 867-шақырымында, Жарма ауданы Салқынтөбе ауылының маңында Lada Priora және Chevrolet Cobalt маркалы автокөліктері бетпе-бет соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы үш адам түрлі дене жарақаттарын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады Абай облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Полиция департаменті жүргізушілерді ауа райының өзгеруін ескеріп, тасжолдарда барынша сақ болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.