Акушер Әсел Сәрсенова Үржар аудандық ауруханасының басшылығын жалған құжат жасады деп отыр
2025 жылдың 28 қаңтарында Абай облысы Үржар аудандық ауруханасында шұғыл түрде кесар тілігін жасау кезінде жүктілігіне 40 апта болған әйел мен жаңа туған сәби көз жұмды. Осы оқиғадан кейін акушер-гинеколог Әсел Сәрсеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, кейін айып ауырлады. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жүкті әйел операция барысында катетер қойғанда жарақаттан ішке қан кетіп қайтыс болған. Нәресте тірі алынғанымен, кейін шетінеген.
Qaz365.kz редакциясына хабарласқан Әсел Сәрсенова аурухананың кадр бөлімі өзінің құзыретіне жатпайтын міндеттерді қосып бергенін, яғни ота үстінде жүкті әйел мен нәрестеге реанимациялық шараларды гинеколог жасайды деп көрсеткенін айтты. Босанып жатқан әйелдің көктамырына басқа маман катетер қойған. Сол сәтте бұғанадағы артерияның зақымдануы тікелей ананың қайтыс болуына себеп болған. Әсел Сәрсенова Үржар аудандық ауруханасының лауазымдық құжатты қолдан жасап, өзінің құзіретіне жатпайтын міндеттерді, жазып, оның орнына жалған қол қойып, істе қарсы қолданып отырғандарын айтты. Әсел Сәрсенова адвокатының «Бұл Әселдің қолы емес, қағаз жалған, экспертиза жасаңдар» деп талап қойып келе жатқанына бір жыл болғанын айтты.
Оның айтуынша, бұл құжатта «Науқастың жағдайының ауырлығын бағалау, реанимациялық іс-шаралардың көлемі мен реттілігін анықтау» деген тікелей реаниматологтың міндеттерін Әсел Сәрсенованың міндеттіне қосып жіберген.
Әсел Сәрсенова акушердің міндеті баланы кесар отасында аман-есен жатырдан алып шығу екенін айтты. Әсел Сәрсенова баланы тірідей қолына алып, неонатолог дәрігердің қолына бергенін айтты. Оның сөзінше, бала туған соң, неонатолог оны дереу аппаратқа қосып, жансақтау шараларын жасауы керек болған. Ол отаны тек бір адам жасамайтынын, әрбір маманның, яғни неонатолог балаға, реаниматолог әйелге, ал гинеколог кесар тілі отасы үшін жауап беретіні жайлы айтты.
Сәрсенованың айтуынша, аурухана шетінеген сәбиді 001 кодпен, қылмыс құрамы жоқ өлім, яғни табиғи өлім деп тіркеген. Бірақ неге екені белгісіз, Әсел Сәрсеноваға қатысты қылмыстық іс 317-баптың 4-бөлігі (Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) бойынша қаралып жатыр.
14 жылдан астам уақыт Үржар аудандық ауруханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істейтін Әсел Сәрсенова 4 баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана.
«14 жылдан астам уақыт бойы Үржар аудандық ауруханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істеймін. Жалғызбасты анамын. 14 жасқа толмаған жас 4 баламды өзім тәрбиелеп отырмын. 2025 жылы маған қарсы қозғалған ҚР ҚК-тің 317-бабы бойынша қылмыстық іс аясында істің объективті түрде, жан-жақты, әділ қаралуын талап етемін. Қылмыстық істің қаралып жатқанына 1 жыл болды. Қылмыстық қудалау барысында жол берілген 2026 жылы қаңтар айында прокурор ешқандай жаңа объективті дәлелсіз 317-баптың 3-бөлігінен 4-бөлігіне ауыстыру туралы акт ұсынып, бұл менің істегі жағдайымды ауырлатты. Іс сот-медициналық сарапшы дәрігердің түсіндірмесі тиісті бағасын алған жоқ», — деді Сәрсенова.
Сонымен қатар ол өзінің әлеуметтік желілерінде былай деп жазды:
«28.01.25 ж. болған ана мен бала өлімі кезінде дәрігер-реаниматолог наркоз картасын өзгертіп, әйелдің интубациясын 5–6 минут емес, 2 минут деп жазды. Ал сатурациясы 10-ға дейін түскенін көріп, картаға жазбады. Неге бұл қылмысты жасыруға жатпайды? Мен бұл уақытты өзгерткенін өз көзіммен көрдім, бірақ оның жаман ниеті бар деп ойламадым. Емдеу ісі бойынша орынбасарға өзім келіп, жылап айтып бердім, бірақ ешкім тыңдаған жоқ. Жиналыс ашылып, “сен неге бұлай істедің?” деп біреу де сұрамады. Бұл да әділетсіздік, заң бұзушылық емес пе? Судья мен прокурорға да айтылды, бірақ олар да ештеңе істеген жоқ. Менің ойымша, себебі жемқорлық болуы мүмкін. Ұялмай, маған тағы 2 адамның өлімін мойныма артып отыр!», — деді Сәрсенова.
Сараптама не дейді?
26 ақпандағы комиссиялық сот-медициналық сараптама ана өлімінің себебін бұғана үсті артериясының жарақатынан болған жедел қан кету деп көрсеткен. Яғни, өлім плацентаның ажырауынан емес, ірі қан тамырының зақымынан болған деген қорытынды жасалған. Ал нәрестеге қатысты сараптама оны тірі туған, толық жетілген, өміршең деп таныды. Өкпесінде ауа болғаны, тыныс алу белгілері анықталғаны көрсетілген. Өлім себебі – босану кезінде дамыған амниотикалық сұйықтықтан тұншығу.
Айыптау тарапы неге сүйенеді?
Әсел Сәрсенованың сөзінше, тергеушілер жоғарыдағы аурухана басшылығы өткізген құжатты дәлел ретінде алып, тіркеген. Айыптау актісінде прокуратура мен тергеу органдары мына жайттарды алға тартқан:
Сараптама комиссиясы медициналық көмек уақытылы әрі құзыреті бар маман тарапынан көрсетілуі тиіс деген қағиданы атап көрсеткен. Егер қызметкер өз құзыретінен тыс әрекет жасаса, ол кәсіби міндетін тиісінше орындамады деп бағалануы мүмкін деген тұжырым жасалған.
Әсел Сәрсенова Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына, Президент Әкімшілігіне және Ұлттық статистика бюросына ресми түрде шағым жолдады.
Осы мәселе бойынша Qaz365.kz сайтының ресми сауалына Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы жауап берді. 28 қаңтар 2025 жылы ауруханада жүкті әйелдің өлімі тіркелгенін және бұл істерден басқарма хабардар екенін мәлім етті. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті және Абай облысы басқармасы осы оқиғаға байланысты мониторингтік топ жіберген. Топ құрамында Қарағанды медициналық университетінің тәуелсіз сарапшылары болған. Сонымен қатар басқарма 31 қаңтарда қызметтік тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Босану кезіндегі қателіктер орны толмас қайғыға душар еткен. Басқарма ана өлімі бойынша бас дәрігерге сөгіс жарияланғанын мәлімдеді.
«Тексеру кезінде босану клиникалық протоколдарға сәйкес өткізілгені анықталды. Дегенмен, босану кезінде туындаған асқынулар орны толмас нәтижелерге душар еткен. 6 ақпанда 2025 жылы «Ана өлімі» жөніндегі штаб отырысында аурухана бас дәрігері Б. Әбілқасымовқа қатаң сөгіс жарияланды», — деп мәлімдеді Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Ал акушер Сәрсенованың «лауазымдық нұсқаулықты өзгертіп, қолдан жасады» деген уәжіне қатысты тек сот болып жатқанын ғана айтты.
«Өтініште көрсетілген лауазымдық нұсқаулықты өзгерту немесе Әсел Сарсенованың қолын жалғандату жайлы мәселелер заң органдарының қарауында, қылмыстық іс сотта қаралуда», — деп мәлімдеді облыстық денсаулық басқармасы.
Редакциямыздың сауалына ІІМ жауап берді.
«Абай облысы Үржар ауданы прокуратурасы сауалыңызда көрсетілген тұлғаға қатысты айыптау актісін құрып, әрекетті Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 4-бөлімі бойынша (жүктіліктің және ананың өліміне байланысты) бағалады. Сонымен қатар, Үржар ауданы полиция бөлімшесіне азаматша С. өз қолының лауазымдық нұсқаулықтарда жалған қолданылғаны бойынша өтініш жолдады. Бұл өтініш тіркеліп, мән-жайын қарау үшін аудандық сотқа жіберілді. Қазіргі уақытта облыстық сот қылмыстық істі аралас ауданаралық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотқа беру мәселесін қарастыруда», — деп мәлімдеді ІІМ.
Тілшілеріміз Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігеріне қоңырау шалып, осы мәселе жайлы пікірін сұраған болатын. Алайда ол жауап бермеді.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес адам сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп есептеледі. Редакция жарияланған мәліметтер бойынша барлық тараптың пікірін беруге дайын.
Qaz365.kz істі ары қарай бақылап, тікелей ақпарат таратады.