Щучинскідегі дәмханада болған жарылыс: қылмыстық іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы
Ақмола облысының ТЖД

Ақмола облысының полицейлері Щучинск қаласында жеті адамның өмірін қиған жойқын өртке қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 3-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша жүргізіліп жатыр. Кінәлі деп танылған тұлғалар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қайғылы оқиға 27 ақпанға қараған түні бес қабатты тұрғын үйге жапсарласа салынған «Центр плова» дәмханасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, газ жарылып, арты өртке ұласқан.

  • Қаза тапқандар: 7 адам;

  • Зардап шеккендер: 28 адам (оның 13-і түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жатқызылды);

  • Құтқарылғандар: 10 адам.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жанып жатқан ғимарат ішінен екі оттегі және бес газ баллонын алып шығып, жойқын жарылыстардың алдын алды. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.

Зардап шеккендердің туыстары мен жақындары үшін департаментте 8 (7162) 51-42-98 жедел желісі жұмыс істеп тұр.